Фото: ашық дереккөз
Қазақ әдебиетінде әйел тақырыбы – мәңгілік шабыттың көзі. Ана, жар, ару, нәзіктік пен төзімділіктің символы ретінде әйел бейнесі ақындардың жүрегінен ерекше орын алған. Өлеңдер нәзік жандылардың сұлулығын ғана емес, олардың өмірдегі орны мен рөлін де тереңнен сипаттайды. Ult.kz 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қазақ ақындарының әйелдер туралы өлеңдерін топтастырды.
Әйелдер-ай
Мұқағали МақатаевӘйелдер-ай!
Әйелдер!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!
...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...
***
Тіршіліктің тірегі
Абдрахман Асылбек
Ойланып, ой жүгіртіп әлемге кең,
Барсам да қай өлкеге, қай елге мен,
Бүкпесіз білетінім бір-ақ ұғым –
Тірегі тіршіліктің әйел дер ем.
Қалайша тараған деп науан адам,
Өзіне қояр болса сауал адам,
Жауабын оп-оңай-ақ табар еді,
Түпкі тек – Адам ата, Хауа анадан.
Бақтағы жемеңдер деп бұл алмадан,
Ескерту болғанымен бір Алладан,
Атамыз Анамыздың ақылымен,
Ақыры тағат тауып тұра алмаған.
Талаптың түсінсе де қаттылығын,
Атамыз шыдамаған ақтылы күн.
Үзіп жеп балғын бақтың жемісінен,
Сол күннен ұққан оның тәттілігін...
Сол күннен түсініппіз сұлулықты,
Сол күннен түсініппіз жылулықты.
Сол күннен сұлуларға ұмтылыппыз,
Сол күннен түріп тастап туырлықты.
Сол күннен сұлулыққа табыныппыз,
Сол күннен сәл көрмесек, сағыныппыз.
Сол күннен батыл да боп, ақын да боп,
Алдында арулардың ағылыппыз.
Сол күннен сұлулар боп тілегіміз,
Сол күннен жарылыпты жүрегіміз.
Сұлулар – гүліміз де, күніміз де,
Сұлулар – тынысымыз, тірегіміз.
Сұлусыз гүл өңірдің сәні бар ма?
Сұлусыз бұл өмірдің мәні бар ма?
Сиқырын сұлулықтың сезінбесек,
Теңей бер онда бізді жануарға.
Сұлумен гүл жайнаған көктем өмір,
Сәулесін саналарға төккен өмір.
Сұлусыз, аруларсыз өткен өмір –
Қызығы, қызуы да кеткен өмір.
Ақ сүтін аналардың ақтайық та,
Мәңгілік махаббатты сақтайық та.
Тәңірі сұлулық пен жылулықтың –
Мақтасақ, әйелдерді мақтайық та.
***
Аяғы ауыр әйелді жатырқама
Абдрахман Асылбек
Аяғы ауыр әйелді жатырқама,
Сәлем бергін сыпайы жақында да.
Ана болған ол небір ақынға да,
Ана болған ол небір батырға да.
Аяғы ауыр әйелді абайлағын,
Жүгі болса қолында, қарайлағың.
Содаң туған Қажымұхан, Балуан Шолақ,
Махамбет пен Ыбырай, Абайларың.
Аяғы ауыр әйелді ұқпай болмас,
Мүмкін, қыздай қыпша бел сыптай болмас.
Ана мықты – көтерген даналықты,
Қашанда оны құдірет тұтпай болмас.
Аяғы ауыр әйелді түсіне біл,
Торғыл тартқан тесілме түсіне құр.
Алмасады – анадан жалғасады
Үзілмейтін үміт пен ұзын өмір.
Аяғы ауыр әйелді налытпағын,
Көтермеле кеңілін, арытпағын.
Мол емес пе мейірі, сол емес пе
Ататұғын алдағы жарық таңың?
***
Әйел құдіреті
Абдрахман Асылбек
Бас иемін қашанда әйелге мен,
Соғып тұрған жүрегім әйел дер ем.
Құдіретті кім десе бұл әлемде,
Сұлу болып жаралған әйел дер ем.
Жаулап алдың сен мені, жаулап алдың,
Жүрегімді біржола баурап алдың.
«Жаратпаймын мен сені» десең-дағы,
Басы бүтін бітіспес дауға қалдың.
Білемісің сен соны, білемісің?
Бұл сөзіме құлақты түремісің?
Біреулердің қайғысы, қасыреті,
Біреулердің таяныш-тірегісің.
Артық болмас асыра мақтағаным,
Сенен артық аруды таппағанмын.
Иба менен керемет келбетіңді
Кір түсірмей мәңгілік сақта, жаным.
***
Базардағы әйелдер
Күләш Ахметова
Құндағынан адал туған ұлға зар
Жер-Ананың бір мысалы бұл базар.
Алыңыз да алыңыз деп тұрғандай
Біздің жаққа аударылып кіл назар.
Құн тұрақсыз, теңге деген сиқырлы,
Тектілікті тұралатты тұрқы үлгі.
Ханым, саламатсыз ба, неге сіз
Сұлу жүзбен қорландыңыз бір түрлі?
Сіздің тана көзіңізде сұмдық бар.
Сұмдық мұңнан тұратындай құрлықтар.
Қалпағыңыз жарасып тұр шілтерлі,
Шілтерінен тарқалады шындықтар.
Ханым, сіздің даусыңызда дарын бар.
Затыңызды алып жатыр нар ұлдар.
Нар ұлдардан түңілдім мен намыссыз,
Жәбірленіп қарағанда ханымдар!
Мына заман — бір қауесет, бір аңыз.
Ханым, сіздің сіңіліңіз-ау мына қыз...
Қап арқалап келе жатыр қайысып,
Қап ішінде — елдік ұят, күнәміз.
Сіңіліңіздің бар сияқты бөпесі.
Бөпесінің жоқ сияқты көкесі.
Бөпесіне сүт беретін мезгілде
Жүк көтеріп келе жатқан беті осы.
Ханым, сіздің орыныңыз бұл емес.
Айналаңыз хош иісті гүл емес.
Көңіліме секем алдым елді ойлап,
Енді көңілім еркін құстай түлемес.
Секем алдым. Сейілмеді сұр тұман.
Сұр тұманнан суырылып бұлқынам.
Кімдерге олжа — тұтас ұлтты айыру
Уызынан, тамырынан, ғұрпынан?!
Қазағымның шаңырағында кие мол.
Қасиетінен айырғанды сүйе ме ол?!
От Анасы, ошағыңа орал сен,
От Анасы, бесігіңе ие бол!
***
Төзімдер туралы
Әбділдә Тәжібаев
Сыйламай болмайды
Әйелдің сезімін,
Мақтамай оңбаймыз
Әйелдің төзімін.
Еркектер білгірміз,
Сөйлеуге ұстамыз,
Ақылға ұзынбыз,
Төзімге қысқамыз.
Ал әйел бастың да –
Қанның да ыстығын –
Бұғаулап ұстайды
Сабырымен күштінің.
Көздердің не түрлі
Сиқырын қайтарып,
Сөздердің не түрлі
Қиқымын тойтарып.
Тежейді құлқынын
Құмарлық дегеннің.
Кетпейді ырқымен
Жеңілтек өлеңнің.
***
Бойыңды жастай түзедің
Фариза Оңғарсынова
Бойыңды жастай түзедің –
қылықты, сәнді қыз едің,
жаныңа, сұлу көркіңе
ұмтылып өткен жүз ерін.
Арманың шығып алдыңнан,
жарасымдарың таң қылған.
Ал бүгін алқам-салқамсың,
шыққандай батпақ-балдырдан.
Бітті ме мәні өмірдің?
Күйбеңге неге көмілдің?
Нәзіктік пенен сұлулық —
әйелдің мәні, сырымды ұқ,
жоймасын нұрын көңіл - Күн!
***
Әйел заты
Сайын Назарбекұлы
Ұрпақ үшін отқа түскен еркімен,
Талай тентек тоқтатылды көркімен.
Он жетіде жесір қалып жар сүймей
Бар әлемді таң қалдырды сертімен.
Жан төзбеске тек қана сол төзетін,
Керек болса ойып берер өз етін.
Қасында тек жары болса болғаны,
Сол жан үшін ата-анадан безетін.
Ұрпағына ата тілін ұқтырған,
Бар өмірге құрмет қып тік тұрған.
Жақын қылар алыс елді, ал өзі,
Ұя іздер елден алыс сырт, қырдан...
***
Әйел
Гүлжауһар Сейітжан
Әйел,
Атың марапатқа кенде емес,
Бола аласың еріңе де, елге де ес.
Өзің жаққан шаңырақтың шаттығы
Дауыл тұрып,
Қан жауса да сөнбеді еш.
Әйел деген атың сенің жылылық,
өмір өзі сенен көп сыр жүр ұғып.
Бәрі саған қарайтындай
Күн жаққа
Күнбағыстар қарағандай бұрылып.
Күлкің сенің Күн нұрындай шуақты,
Жасампаздық тек өзіңнен ту апты.
Қажет болса биіксің сен бәрінен,
Қажет болса өзіңнен жоқ қуатты.
Әйел, атың марапатқа кенде емес,
Бере алмайсың өз жолыңды пендеге еш.
Сен өсірген бәйтерегін ешкім де
Дүниеде еш бәйтерекке тең демес.
Шаңыраққа сен арқылы құт кіріп
Көркейерін келеді өмір ұқтырып.
Сені ылғи пір тұтады сондықтан,
Саған бәрі бас иеді тік тұрып.
***
Әйелдер-ай, тіршіліктің дәмі едің
Әділбек Ыбырайымұлы
Әйелдер-ай, тіршіліктің дәмі едің,
Тапқышсың ғой біздің бойдан және мін.
Сыңқып сөйлеп, сылқ-сылқ күліп сезімді,
Қытықтайтын тағы да бар әлегің.
Ашуың бар ақыл-есті апшыған,
Кем соқпайсың жын ойнаған бақсыдан.
Ынтықтырған талайларды,
Табанда,
Айрыласың бойыңдағы жақсыдан.
«Сусынысың» шаршағанда әкімнің,
Беріктігі жоғалады дәтіңнің.
Алданасың ақша көрсең баладай,
Осалдығы аз болып па қатынның?
Әйелдер-ай, әдемісің, паңсыңдар,
Кейде – ақымақ, кейде – қатал хансыңдар.
Бірде желсіз боратсаңдар, ал бірде –
Алтын сандық, сыр сақтайтын жансыңдар.
Әйелдер-ай, тіршіліктің дәмі едің,
Періштең көп, ұшырасар жәлебің.
Құпияңды аша алмадым,
Аша алмай,
Кетем сірә, әйелдердің әлемін.
***
Әйел бақыты
Тұрсынхан Әбдірахманова
Әйел нәзік гүл дейсіндер ерекше,
Осы ойынды, достым өзің кел, екше.
Мәңгі гүлдеп болу үшін бақытты
Сол әйелге көп дүние керек пе?
Үймей-ақ қой басына оның бар құтты,
Сыйлама сен, оқа, ұштоп барқытты.
Ертелі-кеш үйге есіктен кіргенде,
Жадыраңқы ажарыңа ол бақытты.
Сыйлама сен, інжу, маржан, жақұтты,
Сыйлама сен, биік мансап тақытты.
Жүдеу жанын не сыныңқы қабағын
Тани салған назарыңа ол бақытты.
Ұстамасаң әйел еді деп ықтырып,
Бөлісетін болсаң барыңды ұқтырып.
Бар күйіңе ортақ етсең бақытты ол
Қызметінде болар мәңгі тік тұрып.
***
Әйел
Шөмішбай Сариев
Өмірге келгеніме өкінбеймін,
Бар биікке жетем деп бекінбеймін.
Қарлығаш ұя салып жүрегіме,
Жүрегімді аялап отыр мейірім.
Жүректің балапаны бір-бір жырым,
Ізімнен қол бұлғайды мың бір күнім.
Құпия боп өмірде қала берер,
Жұлдызымды жандырған мың бір түнім.
Мың бір түн ертегісін ойға аламын,
Балқиды бұлан-талан бойда қаным.
Әйелдің жанарына ғашық болып,
Қаншама махаббатты тойлағаным.
Әрбір құс ұшып шығар өз көгінде,
Тірліктен мен бақылап сезгенімде.
Дүние – әйелдердің жанарында,
Өмір тұр әйелдердің көздерінде.
Сол жанар тартып содан табыласыз,
Сол көздерді қашан да сағынасыз.
Өмірдің ұлы мәні – әйелдерде,
Әйелсіз бұл дүние мағынасыз.
Қыран боп биік шыңға тағы қондым,
Көзінің қарасының ағы болдым.
Ғашықтықтан қаша алмай мен айналып,
Мен-дағы бір әйелдің «бағы» болдым.
Күні болдым, жұлдызды түні болдым,
Білмеймін үлкен болдым, ұлы болдым.
Махаббаттан қаша алмай мен айналып,
Мен-дағы бір әйелдің «құлы» болдым.
Жұмбағы мол әрбір шың, әр төбенің,
Әйелсіз еркек басым қайтер едім?!
Махаббаттан туатын әр баланы,
Жасасын әйел деген мәртебелім!
***
Әйел күлкісі
Әбіш Кекілбаев
Анау бір кезде келіндер
Көрпесін жаңғыз жамылған.
Өрт қойнына еніп жер,
Жастықтар жасқа малынған,
Жоғалтып сан түн тағатын,
Талай әйел жылады.
Қос жанардан ағатын
Қасіреттің бұлағы.
Сол жылдар әлі жадымда,
Сонда үйренгем өз басым
Батырдың пәк қанындай
Қадірлеп әйел көз жасын.
Әйел күлсе ұғамын,
Жарқылдап жүр деп аналар.
Жамылмай ажал тұманын
Есен - сау жүр деп ағалар.
Құлпырып тұр деп гүл шығып,
Сабағынан үзілмей.
Әсемдеп мынау тіршілік
Әйелдің күлген жүзіндей.