Қазір елордада «Қайрат» футбол клубының құрамы жаттығу өткізіп жатыр. Ертең аталған команда қостанайлық «Тобыл» футбол командасымен Қазақстанның суперкубогы үшін таласқа түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Спорт бойынша өтетін кез келген жарыс немесе кубок өте маңызды. Және әр сайыстың өз деңгейі бар. Біздің команда ел кубогы болсын, суперкубок болсын жауапкершілікпен қарайды. Әр жарыс - футбол командалары үшін жаңа мүмкіндік. Қарсыласымыз «Тобыл» командасы жеке құрамын айтарлықтай жасақтады. Ертең жақсы бір ойын болайын деп тұр», - деді «Қайрат» футбол командасының бас бапкері Құрбан Бердиев «Астана Арена» кешенінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бас бапкердің айтуынша, жарыста нәтижемен қатар, жанкүйерлер үшін әсерлі ойын көрсете білу де маңызды.
«Ертеңгі ойынға келсек, ертең - финал. Алдын ала болжам жасай алмаймын. Өздеріңіз білесіздер, спортта бәрі мүмкін. Әлсіз деген команда аяқ астынан жеңіске жетіп жатады. Отандық және шетелдік спортта ондай мысалдар көп. Бұл жерде 2 команданың да мүмкіндігі тең. Біздің мақсат – нәтижелі ойын көрсету», - дейді ол.
Қазір «Қайрат» футбол клубының ойыншылары елордадағы «Астана Арена» спорт кешенінде жаттығу өткізіп жатыр.
Айта кетейік, ертең «Қайрат» және «Тобыл» футбол командасы Қазақстанның суперкубогы үшін бақ сынасады.
Футбол ойыны «Астана Арена» спорт кешенінде кешкі сағат 19:30-да басталады.