20 жел, 2023 сағат 11:10

Қайрат Сатыбалдыұлы 120 млн долларды мемлекетке қайтарды

Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов

Қайрат Сатыбалдыұлының активтері мемлекетке қайтарылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

"Тек биылғы желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде Сатыбалдыұлынан жалпы сомасы 120 миллион АҚШ доллары, яғни 55,4 миллиард теңгеден асатын ақшалай қаражат қайтарылды", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, көрсетілген қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу үшін республикалық бюджетке жіберілген.

"Осылайша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз етті.

Бұрын айтылғандай, олардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен ақша қаражаттары, соның ішінде шетелден алынған қаражаттар кіреді.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.