Фото: Sputnik Қазақстан / коллаж: Halyq Uni
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы арызы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сотталған Қайрат Сатыбалдының бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартамыз", - делінген хабарламада.
Сот сотталушының тәртіп бұзушылығы мен тұрақсыз мінез-құлқы бар екенін, сондықтан бұл өтінішті қабылдау тым ерте екенін алға тартты.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды – жол апатынан қайтыс болған Сатыбалды Назарбаевтың ұлы, Alatau Capital Invest басқарушы серіктесі. Ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша еліміздің ең ықпалды бизнесмендерінің тізіміне енген.
Сондай-ақ ол Астана қаласы әкімінің орынбасары, "ҚТЖ" бірінші вице-президенті, "Нұр Отан"партиясының хатшысы болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарында басшы офицерлік лауазымдарда қызмет еткен.
Өткен жылдың наурыз айында Дубайға ұшқалы жатқан жерінен ұсталды.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты жымқыру туралы істі сотқа дейінгі тергеудің аяқталғаны туралы 24 тамызда хабарлады. Сот оны Астанада 2022 жылдың қыркүйегінде 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар жеке эпизодтар бойынша тергеу 2023 жылы да жалғасты.