© Sputnik / Болат Шайхинов
Қазақстанның тұңғыш президентінің немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекетке 650 млрд теңге ($1,45 млрд) қайтарды. Бұл туралы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлімдеді, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, Сатыбалдыұлы қылмыстық жолмен алынған қаражатқа және заңсыз іс-әрекеттерден түскен пайдаға сан алуан мүлік сатып алған. Ал ақшаны Қазақстан мен шетелдегі банк шоттарына салған. Қазіргі кезде бұл қылмыстық іс сотқа жолданды.
"Сондай-ақ салықтан жалтару фактісі бойынша Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", - деді Тілеукенов бүгінгі брифингте.
Алдымен агенттіктің ресми өкілі мемлекетке 850 млрд теңге қайтарылғанын мәлімдеді. Артынан бұл соманы түзетіп, 650 млрд теңге қайтқанын жеткізді.
Айта кетері, Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылы 6 жылға сотталды. Сот оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.