14 қаз, 2025 сағат 19:21

«Қайрат» – «Реал» матчы алдындағы дүрбелең: Қазақ футболының дамуы қалай?

Фото: Gettyimages


Алматыда өткен «Қайрат» пен «Реал» арасындағы көптен күткен кездесу ел футболының ғана емес, қоғамның да назарын аударды. Алайда бұл ойын тек спорттық деңгеймен емес, ұйымдастыру барысындағы олқылықтармен де есте қалды. Стадионға жиналған мыңдаған жанкүйердің бір бөлігі билет сатып алғанымен, ішке кіре алмай қалды. Әлеуметтік желілерде «жүйе ақауы» мен «әділетсіз сатылым» жайлы шағымдар көбейді. Осы жайттарға байланысты Freedom Ticketon компаниясы баспасөз мәслихатын өткізіп, көпшілікті алаңдатқан мәселеге түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.


Freedom Ticketon компаниясының түсіндірмесі


Freedom Ticketon компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелдиевтің айтуынша, билет сату кезінде жүйеге түскен жүктеме бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.


«Қайрат» – «Реал» ойынына билет алу сәтінде жүйеге миллионнан астам адам кірді. Бұл – Қазақстан халқының шамамен бес пайызы. Осындай рекордтық сәтте кейбір техникалық кідірістер орын алғаны рас, бірақ бұл жекелеген жағдайлар ғана», – деді ол.



Компания өкілдері Freedom Super App арқылы түскен әрбір шағым жеке қаралатынын айтып, билет иелерінің мәселесі назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді. Жанкүйерлердің негізгі наразылығы билеттің ойын басталардан бірнеше сағат бұрын ғана жіберілуіне қатысты болды. Бұл туралы Азамат Атагелдиев:


«Билеттерді SMS және e-mail арқылы 5–6 сағат бұрын жібереміз. Бұл көрерменді әдейі күттіріп қою емес, қайта билет көшірмесін көбейтіп, қайта сатудың алдын алу үшін жасалған қадам», – деді.



Сонымен бірге стадион жүйесінде бір QR-код арқылы екі адамның кіруіне мүмкіндік жоқ екені айтылды. «Қос билет» мәселесінің басым бөлігі көрермендердің өзара билет бөлісуінен туындаған.


«Кейбіреулер билетті қолдан сатып алады. Ондай жағдайда біз сіздің стадионға кіруіңізге кепіл бола алмаймыз. Ресми емес көздерден алынған билет – сенімсіз. Ақшаңыздан да, уақытыңыздан да айырылуыңыз мүмкін», – деді Атагелдиев.



Компанияның есебі бойынша, сол күні 20 мыңнан астам көрермен стадионға еш қиындықсыз кірген. Ал қиындыққа тап болғандар үлесі аз болғанымен, қоғамдағы талқылау бұл жағдайдың ауқымын тым үлкейтіп жіберген. Freedom Lifestyle атқарушы директоры Ерлан Есімсейітов өз кезегінде Ticketon басқа платформалардың техникалық ақауларына жауап бермейтінін атап өтті.


«Біз тек Ticketon және Freedom Super App арқылы сатылған билеттерге жауаптымыз. Басқа сервистердің ішкі процесін бақылай алмаймыз», – деді ол.


Компания басшысы Ксения Соколова да бұл қосымшаның жанкүйерлер үшін қосымша ыңғайлы арна ретінде жасалғанын жеткізді.


Цифрлық жүйенің төзімділігі сынға түскен күн


30 қыркүйектегі «Қайрат» – «Реал» кездесуі тек футбол мерекесі емес, еліміздегі ұйымдастырушылық мәдениет пен цифрлық инфрақұрылымның төзімділігін сынаған күн болды. Әлеуметтік желілерде билет иелерінің стадионға кіре алмай тұрған сәттері бейнежазба түрінде тарап, қызу пікірталас тудырды. Кейін кейбір жанкүйерлердің билеті кешігіп жеткені, ал QR-кодтардың оқылмай қалғаны анықталды.


Freedom Ticketon бұл жағдай бойынша барлық дерек пен дәлелді жеке қарап, заңды билет иелеріне қаражат қайтарылатынын мәлімдеді. Алайда билетті қолма-қол немесе күмәнді көзден алғандар өтемақыға үміт арта алмайды.


Қазақ футболы: тарихтан тағылым


Футбол – әлемнің ең бұқаралық спорты. Соңғы жылдары Қазақстанда да бұл ойынға қызығушылық артты. Дегенмен ұлттық құраманың нәтижесі мен клубтардың халықаралық жетістігі әлі де ел үдесінен шыға қойған жоқ.


Қазақ футболының тарихы өткен ғасырдың басында, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында басталады. 1910 жылдары Орал мен Семей қалаларында алғашқы футбол командалары құрылып, алғашқы ресми кездесулер өтті. Ал кеңес дәуірінде Алматының «Қайрат» командасы республика футболының символына айналды. 1960–1980 жылдары «Қайрат» КСРО чемпионатының жоғарғы лигасында ойнап, қазақ футболының намысын қорғады. Сол кезеңде Тимур Сегізбаев, Құрбан Бердыев, Евгений Яровенко сынды ойыншылар ел спортының тарихына алтын әріппен жазылды.


1992 жылы Қазақстан өз чемпионатын ресми түрде бастады. Бұл ел спорты үшін тарихи бетбұрыс еді. Бірақ алғашқы жылдары футбол экономикалық және инфрақұрылымдық қиындықтарға тап болды: клубтар тарады, демеушілер жетіспеді, спорт базалары нашар күйде болды.


2000 жылдардың ортасынан бастап жағдай тұрақтала бастады. 2009 жылы «Астана» клубы құрылып, ел футболына жаңа тыныс берді. 2015 жылы сол «Астана» УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты, бұл қазақ футболының жаңа дәуірінің басталған сәті еді.


Бүгінгі ахуал: ілгерілеу бар, бірақ жүйе әлсіз


Қазір елде қаншама кәсіби клуб, олардың футбол академиясы мен балалар мектебі бар. Дегенмен жүйелілік пен сапа мәселесі әлі де өзекті. Қазақстан құрамасы соңғы жылдары УЕФА Ұлттар лигасында жақсы нәтиже көрсетіп, жоғары лигаға жақындады. ФИФА рейтингісінде Қазақстан 2025 жылдың басында 98-орынға көтерілді – бұл соңғы бес жылдағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі.


Бірақ тұрақты нәтижеге жету үшін жастар футболының сапасын көтеру маңызды. Елде 60-қа жуық футбол академиясы жұмыс істейді. Олардың ішінде «Қайрат Академиясы», «Астана Академиясы», «Қызылжар» және «Оңтүстік» орталықтары белсенді дамып келеді. Дегенмен материалдық база мен оқыту әдістемесі барлық өңірде біркелкі емес.


Футбол ардагерлерінің айтуынша, басты міндет – өңірлердегі спорт мектептерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, жас бапкерлерді кәсіби деңгейде даярлау. Жастар жүйесі түзелмей, ұлттық құраманың сапасы да өзгермейді.


Бүгінгі таңда Премьер-лига клубтарының көбі жергілікті әкімдіктердің қаржылай қолдауына тәуелді. Бұл  тұрақсыздық тудырады. Бүгінгі нарықта футболды таза спорт ретінде ғана емес, экономикалық жоба ретінде дамыту керек. Клубтар өз брендін қалыптастырып, маркетинг пен жанкүйер мәдениетін дамытпайынша, футбол индустриясы толыққанды жүйеге айналмайды.


Соңғы жылдары «Қайрат» пен «Астана» еуропалық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келеді. «Ордабасы» мен «Тобылдың» да нәтижесі жаман емес. Бұл қазақ футболының әлеуеті бар екенін көрсетеді. Алайда бұл әлеуетті тұрақты нәтижеге айналдыру үшін ішкі біріншіліктегі бәсекелестікті арттыру, төрелік әділдігін сақтау және футбол инфрақұрылымын жетілдіру қажет.


«Қайрат» – «Реал» матчы төңірегіндегі дүрбелең ел футболындағы тек техникалық мәселені емес, тұтас жүйенің әлсіз тұстарын көрсетті. Дегенмен бұл оқиға кемшілікті түзетудің де, жаңа мүмкіндікке жол ашудың да сәті. Егер футболды ұлттық деңгейде дамытудың нақты стратегиясы қалыптасса, қазақ футболының болашағы да жарқын болмақ.


Ақбота Мұсабекқызы