Фото: ашық дереккөз
Алматыда өткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынын көруге 26-29 қыркүйек аралығында 5 мыңнан астам шетелдік жанкүйер келді. Қазақстанның өзге өңірлерінен ағылған көрермендермен бірге матчқа қатысушылардың жалпы саны ондаған мың адамға жетті. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасы «e-Qonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне сүйене отырып хабарлады.
Негізгі туристер легі Қытай, Үндістан, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия және өзге де Еуропа елдерінен келген.
Матчтың экономикалық әсері де зор болмақ. Mastercard мәліметінше, Алматыға келген әрбір шетелдік турист орташа есеппен 1 500 АҚШ долларын жұмсайды. Бұл сома қонақ үй, тамақтану, көлік, ойын-сауық пен саудаға кетеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай шығындар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, қызмет көрсету саласын жандандырады әрі қала экономикасына мультипликативті әсер етеді.
