17 мау, 2025 сағат 13:43

Қайрат Нұртас ән ұрлады деп айыпталды


Фото: Ашық дереккөзден

Танымал әнші Қайрат Нұртасты Самат Жанғазин есімді азамат әнін рұқсатсыз орындады деп айыптап отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Михаила Козачковтың telegram арнасында ән авторы, әрі орындаушысы Самат Жанғазин Қайрат Нұртастың атына жолдаған үндеуін жариялаған.

Самат Жанғазинның айтуынша, ол «О, Махаббат» әнін өзі жазған. Алайда бұл шығарманы Қайрат Нұртас еш рұқсатсыз орындап жүр.

"Мен Қайрат Нұртастың өз басына және командасына қатысты ешқандай наразылығым жоқ. Қазақ эстрадасына қосқан үлесіңізді сыйлаймын. Бірақ басқа орындаушылардың шығармашылығы рұқсатсыз пайдаланылғанын дұрыс емес деп есептеймін. Біз осы әнді шығару үшін композитор Дәурен Шариповпен және мәтін авторы Сағи Асанханмен бірге қаншама күндер мен айлар жұмыс істедік", - деген Самат Жанғазин әннің авторлық құқығы өзіне бекітілгенін айтып отыр. 


Осыған байланысты Жанғазин қазақстандық эстрада жұлдызын ресми түрде ескертіп, егер Қайрат Нұртас авторлық құқықты бұзуды жалғастыратын болса, сотқа жүгінуге мәжбүр болатынын айтады.

Сонымен қатар авторлық құқықты бұзғаны үшін 5 миллион теңгеге дейін өндіріп алу қарастырылғанын ескертіп жазады.