25 қыр, 2025 сағат 13:40

«Қайрат» бапкері: «Реал Мадридпен ойында тек қорғаныста ғана болмаймыз»


Фото: ФК «Кайрат»
30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында «Қайрат» пен Испанияның әйгілі «Реал Мадрид» клубы арасында тарихи кездесу өтеді. Матч қарсаңында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин, сондай-ақ ойыншылар Әділет Садыбеков пен Александр Широбоков журналистерге арнап брифинг өткізді. Онда бапкер команданың дайындығы мен алдағы ойындағы тактикалық жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.

— Алғашқы матчта сәл қобалжу болғаны рас. Бірақ біз қазірдің өзінде жоғары деңгейде 9 кездесу өткіздік. Сондықтан ойыншылар аса қатты уайымдамайды. Мұндай атмосфера мен эмоцияларға үйреніп қалдық. Бұл – біз үшін қысым емес, керісінше мотивация, — деді Уразбахтин.

Бапкердің айтуынша, команда бұған дейін қолданған тактикалық схемадан айтарлықтай ауытқымайды.

— Мұндай деңгейдегі қарсыласқа қарсы тек алға ұмтылу немесе керісінше түгел қорғанысқа жабысып алу – дұрыс шешім емес. Балансты ұстану маңызды. «Реалдың» құрамында шеберлігі жоғары футболшылар өте көп. Біз қарсылас ойыншыларының қозғалысын шектеуге және өзімізге артықшылық беретін сәттерді тиімді пайдалануға тырысамыз. Бірақ тек қорғаныспен шектелмейміз. Әр матчта шабуыл мен қорғанысты қатар алып жүруге тырысамыз, — деді ол.

Сондай-ақ, Рафаэль Уразбахтин «Реал Мадридтің» Қазақстанға келуін ел футболы үшін үлкен жетістік деп бағалады.

— Матчтың Алматыда өтетіні – үлкен қуаныш. Жанкүйерлер әлемдік футбол жұлдыздарын алғаш рет тірідей көреді. Біз бұл кездесуді асыға күтіп отырмыз. Қандай нәтиже боларын болжауға ерте, бірақ басты мақсатымыз – сапалы ойын көрсету, — деді бас бапкер.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайрат» қақпашылары Темірлан Анарбеков пен Заруцкийдің жағдайы туралы ақпарат тараған болатын.