Фото: Dzen.ru
Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» мешітінен шығатын жерде белгісіз ер адам келуші қыздың жолын бөгеп, бір реттік некеге отыруды ұсынған. Астанада InDrive қосымшасы арқылы жұмыс істеген такси жүргізушісі 19 жастағы жолаушы қыздың көзінше өзін ұстай алмай, шәуетін шығарып, жыныстық емеурін көрсеткен. Осыдай жаңалықтар күн сайын шығады. Осындай жағдайларда жәбірленушінің өзін кінәлап, киім киісі мен жүріс-тұрысына шүйлігіп жататындар бар. Осы орайда, Ult.kz тілшісі «Қыз-келіншектердің қауіпсіздігі киіміне байланысты ма?» және «Киім адамның ішкі жан дүниесін көрсете ала ма?» деген сұрақты мамандарға қойып көрді.
Қауіпсіздік – киімде емес, санада
Қоғамда қыз-келіншектердің киім киісі туралы әңгіме қозғалса, оның соңы көбіне дау-дамаймен аяқталады. Бірі – «қыз тым ашық киінеді» десе, енді бірі «беті-басын тұмшалаған әйел қауіп төндіруі мүмкін» деп дабыл қағады. Мұның қайсысы дұрыс? Жауап біреу: мәселе киімде емес, сана мен заңда. Бұл туралы ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы түсіндіріп берді.
«Бізде мынадай мәселе бар: кей адамдар шариғаттың талабын орындамаған кісіге өзі де дінге қайшы әрекет жасап, қиянат жасауға хақылы деп ойлайды. Бұл – түбегейлі қате түсінік.
Иә, біреу діни талапты орындамады делік. Бірақ бұл ешкімге оған тіл тигізуге, зорлық көрсетуге немесе кемсітуге рұқсат бермейді. Мұндай әрекет шариғатта да, зайырлы заңда да құпталмайды. Қоғамдық пікір айту мен жеке басына тиісу – екі бөлек нәрсе. Егер қоғам белгілі бір киім үлгісін құп көрмесе, ол пікірді сыпайы, әдеппен айтуы мүмкін. Бірақ оны қоғамда резонанс туатындай, күш қолдану не қорлау арқылы білдіру – мүлде орынсыз.
Біреудің діни талапты ұстанбауын желеу етіп, өзің де күнә жасау – дінді жамылған екіжүзділік. Дін ешбір адамға өзге біреуге зорлық көрсетуге, ұрып-соғуға немесе қорлауға рұқсат етпейді. Қыз бала ашық киінді деген желеумен ер адамның оған тиісуге, қиянат жасауға ешқандай құқығы жоқ. Бұл – дінімізде анық айтылған қағида», – дейді Елбек Тасболатұлы.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманының айтуынша, бөтен қызға немесе әйелге қатысты шектен тыс әрекетке бару – жазалау емес, санасып зорлық жасау. Мұндайды дін де, заң да қолдамайды.
«Сондықтан ешкім өзінің әрекетін дінмен бүркемелеп, біреуге зиян келтіруге тырыспауы керек.
Біз – зайырлы елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасының заңдарын құрметтеу – әр азаматтың міндеті. Ешкімге заңмен тыйым салынған әрекеттерді жасауға, басқа біреуге зиян келтіруге жол берілмейді. Қоғамда бейбітшілік пен қауіпсіздік осы қағида арқылы ғана сақталады», – дейді Елбек Тасболатұлы.
Киім жан дүниенің айнасы ма?
Қыз-келіншектердің қауіпсіздігіне тек киім себеп болады деген көзқарас – адам психикасына, қоғамның сана деңгейіне теріс әсер ететін ұстаным. Бұл көзқарас психологияда «жәбірленушіні кінәлау» (victim blaming) деп аталады. Бұл ұғым адамның басына түскен қиын жағдайға сол адамның өзі кінәлі деп санауға негізделген қауіпті психологиялық механизм. Психолог Әлия Базарбайдың сөзінше, шын мәнінде, қауіпсіздік мәселесі қоғамның құқықтық мәдениетіне, отбасындағы тәрбие мен моральдық қағидаларға, жеке тұлғаның өз шекарасын қорғай алуына, білім мен сана деңгейіне тікелей байланысты.
«Адам қандай киім кисе де, оның жеке басына қол сұғу, ар-намысына тиіп, қауіп төндіру – ешқашан ақталмайтын әрекет. Жеке тұлғаның сыртқы келбеті қандай болмасын, оның қауіпсіздігі қоғам мен құқық қорғау органдары тарапынан толықтай қорғалуы тиіс. Қауіпсіздік — бұл киімнің емес, қоғамның санасы мен құқықтық тәртібінің көрсеткіші. Ал киім — адамның жан дүниесінің бір ғана көрінісі. Екеуін шатастыру қоғамда орын алып жатқан теріс үрдістерге жол ашуы мүмкін.
Әйел адамның қадір-қасиеті мен қауіпсіздігі оның киіміне емес, оған деген көзқарас пен құрметке байланысты. Қоғамды киім арқылы емес, сана арқылы тәрбиелеу маңызды. Сонда ғана қауіпсіздік те, құрмет те, адамгершілік те өз орнын табады», — дейді психолог Әлия Базарбай.
Иә, маманның айтуынша, психологиялық тұрғыдан алғанда, киім адамның ішкі әлемінің бір бөлшегін білдіре алады. Киіну стилі — тұлғаның өзін таныту тәсілдерінің бірі. Бұл құбылыс психологияда «экспрессивті мінез-құлық» деп аталады.
«Мысалы, ашық түстер мен сәнді стильді ұнататындар көбіне көңілді, өмірге құштар, ашық-жарқын жандар. Қарапайым және ұқыпты киінетіндер тәртіпті, тұрақты мінезді, нақты ережені ұстанатын адамдар болуы мүмкін. Ерекше стильдегі киім креативтілік пен даралықты, кейде қарсылықты білдіреді. Алайда, адамның ішкі жан дүниесін тек киімі арқылы бағалау – біржақты көзқарас. Көп жағдайда адам кәсіби ортаға бейімделіп, қоғамның талаптарына сай, өз эмоциясын жасыру мақсатында киім таңдайды. Мысалы, өзіне сенімсіз адам батыл киім киіп, ішкі әлсіздігін жасыруы мүмкін. Ал ішкі жан-дүниесі бай, нәзік жанды адам сырттай қарапайым, сұрқай киінуі де мүмкін», — дейді психолог.
Дегенмен бұл киімнің стилі мен түсіне байланысты. Ал қоғамда бір қыз ашық киінсе, оны бірден «жаман» деп бағалап, тиісуге, сөгуге дайын тұратын көзқарас бар. Бірақ бұл – теріс, әрі зиянды ұстаным. Бұл – киімді қыз мінезінің өлшемі деп қате түсінуден туған қатыгез қате.
Психологтардың айтуынша, адамның таңдаған киімі оның ішкі әлемінің, тәрбиесінің немесе моральдық деңгейінің көрінісі емес.
«Киім – жай ғана талғам, өзіндік стиль немесе маусымдық қажеттілік. Адамның қандай екенін түсіну үшін оның үстіндегі матасына емес, ішкі болмысына үңілу қажет. Біреуді ашық киінгені үшін «жаман» деп атау – бұл жай ғана пікір емес, бұл — психологиялық зорлықтың бір түрі. Мұндай таңба тағу адамның жүрегіне жара салады. Оның өзін-өзі бағалауын құлдыратып, қоғамнан оқшаулануына себеп болуы мүмкін.
Ал оған тіл тигізу, тиісу, қорлау – бұл заң жүзінде де, адамгершілік тұрғысынан да кешірілмейтін әрекет. Ер адамның «мен шариғатты қорғап тұрмын» деген желеумен бөтен қызға қиянат жасауы – шын мәнінде дінді бүркемелеген зорлық. Дін де, заң да, ақыл-ой да мұны ақтамайды», — дейді психолог Әлия Базарбай.
Сонымен, біз зайырлы елде өмір сүреміз. Әркімнің киіну еркіндігі бар. Бірақ ең бастысы, басқаның да жеке шекарасын, таңдау құқығын сыйлау. Киімге қарап адамға үкім шығару өркениетті қоғамға жат қылық. Нағыз мәдениеттілік – кісінің ниетіне қарап баға беру, оның адамдық қадір-қасиетін ескеру. Сондықтан қыздың киіміне қарап қате ой түюден бұрын, өзіміздің ішкі мәдениетімізге, сөйлеу әдебімізге, көзқарасымыздың әділеттілігіне қараған жөн.
Ақбота Мұсабекқызы
