Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жұма күні сабақтар өткізілмейтін болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Астанада 26 қаңтарда ауа райының колайсыздығына байланысты (қатты аяз) қала мектептерінің бірінші және екінші ауысымындағы 0-11 (12) сынып оқушыларына және колледждердің 1-2 курс студенттері үшін сабақ болмайды.
Алматыда 26 қаңтарда температураның -25 градусқа төмендеуіне байланысты мектептерде 1-9 сыныптарға сабақ болмайды.
Ақмола облысында 26 қаңтар күні 33-38 градус суық болады. Мектепте 0-11 сынып оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері үшін сабақ тоқтатылды.
Солтүстік Қазақстан облысында 26 қаңтарда 30-35 градус аязға байланысты 0-ден 4 сынып аралығында сабақтар өткізілмейтін болды.
Алматы облысында 0-ден 4 сынып оқушыларының сабақтары тоқтатылды.
Жамбыл облысы Білім басқармасының мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты Тараз қаласында 1-4 сынып оқушылары оқымайды.
Сондай-ақ, Мойынқұм мен Сарысу аудандарында ғана бастауыш сынып оқушылары үшін сабақ болмайтыны хабарланды.
Шығыс Қазақстан пен Павлодар облыстарында бірінші және екінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушыларына, сондай-ақ 1-2 курс коледж студенттеріне сабақ болмайды.