31 қаз, 2024 сағат 14:03

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы өтті


Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы отырысы өтті, деп хабарлайды «Ult.kz».

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен отырыс «Қазақстанның жаңа инвестициялық кезеңі» тақырыбында болды.

Кеңестің құрамына шетел тарапынан 32 ірі трансұлттық компания мен халықаралық ұйымдардың басшылары мүше ретінде және 7 басшы бақылаушы ретінде кіреді.

Шарада Қазақстанға инвестиция тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторларға тиімді жағдай жасау мәселелері талқыланды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша өткен 2023 жылы еліміз 23 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартқан. 

«Халықаралық менеджмент институтының мәліметінше, Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 35 елінің қатарына енді. Елге ең жоғары рейтинг берілуі тарихи жағдай. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Инвестицияларды одан әрі тарту бойынша жұмысты жалғастыру қажет», -деді Мемлекет басшысы.


Президент Тоқаев өз сөзінде 2029 жылға қарай Қазақстан 150 миллион доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Ол үшін инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік органдарға "осында және қазір" қағидаты бойынша жұмыс мәселелерін шешуге өкілеттік берілді. Мен Ұлттық экономиканы айтарлықтай либерализациялау үшін құрал болатын Президент Жарлығына қол қойдым. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстандағы инвестициялық ортаны жақсарту жөніндегі міндеттемені растағым келеді», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.


Айта кетейік, Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.

Кеңестің негізгі міндеттері: Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау; Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту; Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру; Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіптік секторын индустрияландыруға, шағын және орта бизнесін дамытуға шетелдік компаниялардың жәрдемдесуі; Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау; Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту стратегиясы; Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар ірі инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.