Жаңа Қазақстанның негізін қалап, іргесін кеңейтуге бүкіл халық жұмылды. Бұл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз жаңа Қазақстанның негізін қалап, іргесін кеңейтуге бүкіл халық болып жұмылдық. Еліміздің өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Барлық жетістігіміз – түрлі кәсіп иелерінің ерен еңбегінің жемісі. Ұстаздарымыз ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жаңа белеске жол ашты. Дәрігерлеріміз ұлт саулығы үшін барлық күш-жігерін салып еңбек етті. Әсіресе пандемия кезінде адам өміріне араша түсіп, індетпен аянбай күресті», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер ел шебін қас қақпай күзетса, тәртіп сақшылары тыныштығымызды, қауіпсіздігімізді қорғағанын айтты.
«Төтенше жағдай қызметкерлері қатерден қаймықпай, талай жанды аман сақтап қалды. Зиялы қауым мәдениетімізді байытып, ғылыми әлеуетімізді арттырды. Мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет етіп, елдігіміздің тұғырын бекіте түсті. Құрылысшылар миллиондаған шаршы метр үй, мыңдаған шақырым жол салып, өрісімізді кеңейтті. Диқандар дән егіп, шопандар төрт түлігін өргізіп, ырысымызды көбейтті. Мұнайшылар қара алтын өндіріп, қазынамызды байытты. Кеншілер жер қойнауын игеріп, игілігімізді еселеді. Өнерпаздар әлемді мойындатып, Тәуелсіз Қазақстанды жер жүзіне танытты. Спортшылар дүбірлі додаларда туымызды желбіретіп, әнұранымызды әуелетті. Кәсіпкерлер өндіріс орындарын ашып, жұртты жұмысқа тартты»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президенті еңселі ел болуымызға барлық саланың түрлі мамандық өкілдері және барша азаматтарымыз бір кісідей атсалысқанын баса айтты.
«Түптеп келгенде тәуелсіздікті нығайту дегеніміз - елге пайдасы тиетін нақты жұмыстарды жүзеге асыру. Қазақстан сіздердің жасампаз еңбектеріңіздің арқасында зор жетістікке жетті. Мен осы мерейлі сәтте Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін дүйім жұртқа алғыс айтамын!» - деді Мемлекет басшысы.