Фото: Ақорда
Президент «Орталық Азия – Еуропа одағы» саммитіне қатысып, сауда және экспорт, энергетика, халықаралық қатынастар және т.б. тақырыптарда сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінен:
Сауда және экспорт
- Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 миллиард доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын;
- Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады;
- Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Қазақстан мұны жоғары бағалайды және шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытады.
Энергетика және тасымал
- Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен жаңартылатын энергия көздері және «жасыл» сутегі өндірісі жобалары қолға алынды;
- Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады;
- Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар;
- Еліміз ЕҚДБ банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр;
- Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 миллион тоннаны құраған. Мақсат – 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға дейін жеткізу;
- Қазақстан әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқарады.
Технология және инновация
- Жыл басында Қазақстанда Президент жанындағы Жасанды интеллект бойынша халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды;
- 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр;
- Астанада AlemАi жоғары технологиялар орталығы құрылуда;
- Президент Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынды.
Ғылым және білім
- Президент Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды;
- Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға ерекше басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеу жөнінде бастама көтерілді.
Халықаралық саясат және қауіпсіздік
- Жаһандық тұрақсыздық жағдайында әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға баға беруде барынша ұстамдылық пен жауапкершілік таныту керек;
- Барлық елді БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді.
- БҰҰ-ның құрылғанына 80 жыл толған сәтте мұның өзектілігі арта түседі.
- Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптайды. Мәселенің күрделі екеніне қарамастан, шиеленістің оң шешімін табатынына сенім артады.