Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитінде сөйлеген сөзінде энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, өңірлік деңгейде жаңа бастама ұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Газ саласындағы серіктестік
Президент Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы үшжақты газ одағының арқасында Орталық Азияда жаңа энергетикалық жүйе қалыптасып жатқанын айтты. Бұл жүйе халықты және өнеркәсіпті тұрақты түрде газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий құбыры консорциумының (КҚК) маңызын ерекше атап өтті. 2023 жылы осы бағыт арқылы шамамен 63 млн тонна қазақстандық мұнай экспортталған.
Президент Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда Қазақстанның маңызды рөл атқаратынын айтты. Жылына 10 млн тоннаға дейін мұнай өткізуге мүмкіндік бар, ал былтыр бұл көрсеткіш одан да жоғары болды.
Бұған қоса, бірнеше күн бұрын Санкт-Петерборда Қазақстан мен Ресей газ саласындағы ынтымақтастық жөнінде маңызды келісімге қол қойғаны хабарланды.
Атом энергетикасы – стратегиялық бағыт
Соңғы жылдары Ресеймен атом энергетикасы саласындағы байланыс нығайып келеді. «Росатомның» қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтереді.
Жаңа бастама – өңірлік кеңес құру
Президент атом өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты тереңдету үшін маңызды ұсыныс жасады:
«Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл бастама ғылыми-зерттеу базасын күшейтуге, білікті кадр даярлауға және бірқатар жанама саланы дамытуға мүмкіндік береді.
Алматыда МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы ашылып, алғашқы нақты қадам жасалды. Екі елдің ғылыми-зерттеу институттарын тарту арқылы бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру жоспарланып отыр.
