Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне сұхбат беріп, 2025 жылдың қорытындысы мен ел дамуының негізгі бағыттары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6 пайыздан астам өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жеткен. Ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың доллардан асып, бұл көрсеткіш өңір үшін рекордтық деңгейге жеткен.
– Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ тоқмейілсуге мүлде болмайды. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев инфляция деңгейінің жоғары болуы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет пен әкімдерге әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайту жөнінде нақты міндеттер жүктелетінін айтты.
Президент 2025 жылдың басты қорытындысы ретінде Қазақстанның реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, ел жаңғыру жолына түсіп, әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық қағидаттарына негізделген қоғам қалыптасып келеді.
– АҚШ президенті Трамптың «ақылға сыйымды ой» стратегиясының ықпалымен жаһандану үдерісі кейінге ысырыла бастады. Біз де Қазақстанда әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін айрықша маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құрып жатырмыз. Ұзақ мерзімге арналған нәтижеге жету үшін бұл жұмыс жаңа жылда екі есе тың қарқынмен жалғасын табады, - деді Президент.
Сұхбаттың толық нұсқасын сайттан оқи аласыз.
