Фото: Pexels.com
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауынан жүз елуге жуық итбалық өлі табылды. Жануарлардың жаппай қырылуының нақты себебі әлі анықталған жоқ, деп хабарлайды Orda.kz.
Баутино ауылы жанынан өлі итбалықтардың жүзден астам өлексесі табылғанын блогер және қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, олардың саны бірнеше жүзге жетуі мүмкін.
«Жақында болған дауылдан кейін жағалауға жүздеген қызыл кітапқа енген итбалықтардың өлексесі шығып қалды. Қазіргі таңда ғалымдар тек 151 өлексені санап шықты», – деп атап өтті Азамат Сәрсенбаев.
Өлі жануарларды ғалымдар тапқан. Олар кейбір итбалықтардың денесінде механикалық зақымданулар бар екенін айтты. Қызыл кітапқа енген аталған сүтқоректілердің нақты қырылу себебі анықталып жатыр.
Бұл Маңғыстау облысында су жануарларының жаппай қырылуының алғашқы жағдайы емес. Бірнеше күн бұрын Каспий жағалауында үш өлі итбалық табылса, көктемде де ондаған өлі жануарлар жағалауға шығып қалған еді.