Фото: Informburo.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов Каспий теңізі проблемаларын кешенді зерттеу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаржы «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ-тың жұмысын дамытуға бағытталады. Бұл мекеме Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Каспийдің экологиялық жағдайын зерттеу үшін құрылған.
Институт балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістерін әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және популяцияны сақтау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ теңіздің гидрологиялық үдерістерін, деңгейін, климаттың өзгеруін, судың сапасын және биологиялық алуантүрлілігін бақылау да – басты міндеттердің қатарында.
Бөлінген қаржы гидробиология, гидрохимия, гидрометеорология және спутниктік мониторинг зертханаларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақтылы әрі тиімді атқаруға мүмкіндік береді.
12 тамызда Қазақстанда, сондай-ақ Каспий маңы мемлекеттерінде Каспий теңізі күні ретінде белгіленген. Бұл күн әлемдегі ең ірі тұйық су айдынының экожүйесін сақтауға бағытталған.
2006 жылы 12 тамызда Тегеранда Каспий теңізі мен қоршаған ортасын қорғау туралы Негізгі конвенцияға қол қойылып, ол күшіне енді.
Айта кетейік, Каспий теңізіне шамамен 130 өзен құяды, олардың негізгі бөлігі – Еділ, Жайық (Орал), Терек, Кура, Сулак, Самур және Иран жағалауындағы шағын өзендер. Қазақстан аумағынан теңізге Жайық (Орал) өзені құяды.
«Қазгидромет» РМК теңіз деңгейіне жағалау бойындағы 10 теңіздік гидрометеорологиялық станция мен бекетте бақылау жүргізеді, ал су сапасын 50 жағалау нүктесінде (Солтүстік Каспийде – 22, Орта Каспийде – 28 нүкте) қадағалайды.
Қазақстан Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Тегеран конвенциясын іске асыруға белсенді қатысады, ғылыми зерттеулерді дамыта отырып, теңіздің орнықты болашағын қамтамасыз ету мақсатында көршілес елдермен ынтымақтастық орнатуда.
