23 ақп, 2022 сағат 03:28

Кәсіпқой бокс: Жәнібек Әлімханұлы Хайме Мунгияға міндетті қарсылас атанды


Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) 22 ақпан күні ресми шешім қабылдап, орта салмақта уақытша әлем чемпионы атағы үшін Жәнібек-Мунгия жекпе-жегін міндетті етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

WBO шешіміне сәйкес, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (11-0-0, 7 KO) мен мексикалық боксшы Хайме Мунгия (39-0-0, 31 KO) орта салмақта уақытша әлем чепмионы атағы үшін жұдырықтасады. Сондай ақ қос тарап 10 күн ішінде келісімге келуі керек. Егер боксшылардың командасы ортақ шешімге келе алмаса, жекпе-жек WBO ережесіне сәйкес бәс саудаға салынады және ең төменгі сома 200 мың доллар көлемінде белгіленген. 

WBO ұйымы міндетті жекпе-жек туралы хабарламаны екі боксшының промоутерлеріне ескерткен.

Айта кетейік, Жәнібек - WBO Global титулы иегері, атақты промоутер Боб Арумның Топ Ранк компаниясымен келісімшарты бар. Ал орта салмаққа жақында ауысқан Golden Boy промоутерлік компаниясының боксшысы Хайме Мунгия - WBO Inter-Continental титулының иегері.

Еске салсақ, Әлімханұлы 2021 жылы 21 қараша күні өткен соңғы жекпе-жегінде экс-әлем чемпионы франциялық Хассан Н’Дам Н’Жикамды (38-5, 21 KO) 8-раундта техникалық нокаутпен жеңді. Мунгия болса, 19 ақпан күні америкалық Димитриуса Баллардты (21-1-1, 13 КО) 3-раундта техникалық нокаутқа жіберді.