Зардап шеккен сектордағы шағын және орта бизнес үшін айналымнан жекелеген салық төлеу құқығы енгізіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Салық міндеттемелерінің орындалуын жеңілдету, салықтар мен төлемдер санын азайту мақсатында ұлттық заңнамаға толық тексеру жүргізіледі. Бұл жұмыс басталып та кетті. Барынша зардап шеккен сектордағы шағын және орта бизнес үшін айналымнан жекелеген салық төлеу құқығы енгізіледі. Экономиканы әртараптандыру және юджетті толықтыру үшін салықтық ставканы саралау мүмкіндігі қарастырылады», - деді бірінші вице-премьер Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Бірінші вице-премьер Үкімет жаңа бюджет саясатын әзірлеуге жеке назар аударатындығын айтты.
«Басты бюджеттік коэффициенттер мен ережелер, тиімділікті бағалау және бюджет саясатының тұрақтылығы жинағы әзірленетін болады. «Кеңейтілген бюджет» енгізу арқылы шоғырландырылған бюджетке бюджеттен тыс қорларды қосу жолымен мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бюджеттік жоспарлаудың жаңа тәсілдері мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ұлттық басымдықтарды барынша толық жүзеге асыруды қамтамасыз етеді», - деді Әлихан Смайылов.