Оңтүстікте қанша киелі, қасиетті орын бар? Бұл сауалға алдымен бірден анық жауап беру оңай емес. Ол негізді де. Себебі, өңірдің әр ауданында аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен ескерткіш, кесенелер көп. Тау-тасты, үңгір, сарқырамасы бар жерлер тағы бар. Сонымен, Қазақстан Президентінің “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Қазақстанның киелі жерлер географиясы” жобасын жасау үшін сарапшылар тобы іске кіріскен. Біздің өңірден осы жобаның негізіне 20 киелі орынның тізімін нақтылап, ұсыну қажет. Бүгін облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жиналған азаматтар осыған байланысты ойларын айтып, пікірлерін ортаға салды.
Бұған дейін облыста арнай құрылған жұмысшы тобы “Қасиетті Қазақстан” республикалық орталығына 100 орынның тізімін берген. Оның өзі аз деген өлкетанушылар мен жазушы, ғалымдар Астаналық қонақтарға Оңтүстікті басқа өңірлермен салыстыруға келмейтінін бір емес, бірнеше рет ескертті.
Киелі орындар тізімі жасалғанда олардың анықтамасы және ел-жұртқа аты мәлім, расында көпшілік үзілмейтін жерлерге аса мән берілуі керек. “Қасиетті Қазақстан” орталығының мамандары жиналғандарға осыны бірден ескертті.
Ал жергілікті өлкетанушылар өңірдің қасиетті орындарын нақтылап, тізімді іріктеуге 1-1,5 ай уақыт аздық етеді дейді. Оның үстіне археологиялық, кешенді тарихи ескерткіштерден бөлек киелі орындарды анықтауда алдымен экспедиция жұмыс істегені пайдалы деп санайды.
Облыстық мәдениет басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде өңірде 1281 орын тарихи, мәдени ескерткіштері бар киелі орын саналады. Мұның ішінен тек жиырмасын ұсыну мүмкін де емес. Халықаралық, республикалық деңгейде танылған орындардан бөлек облыс, аудан, қалалардың бюджетінен қорғалып, абаттандырылып, коммуникациясын жақсартуға бетбұрыс жасалуы керек. Бұл ретте бірқатар жоспар да түзіліп қойыпты.
Тізімді нақтылаймыз деп жүргенде уақытты оздырмасақ игі. Өйткені ондай жағдай бізде практикада болған. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын ел игілігіне пайдаланамыз деп аузымызбен айтқанды іспен дәлелдеуде тағы да сол біріге жұмылу керек-ақ.
Зәуре Оралбаева, otyrar.kz