2017 жылдың соңына қарай Қашағанда мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 370 мың баррельге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Ал жаңа технологияны іске қосу арқылы мұнайды өткізу көрсеткішін тәулігіне 450 мың баррельге жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл туралы бүгін «ҚазМұнайГаз» АҚ 2016 жылғы өндірістік-қаржылық нәтижелер мен бір жылға арналған жоспарлары туралы брифингте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев мәлімдеді.
«Біз жыл соңына дейін Қашағандағы мұнай өндіру көлемін тәулігіне 300-370 мың баррельге дейін жеткізу жоспарлап отырмыз. Ал ондағы жерүсті инфрақұрылым желілері арқылы шикізатты өткізу көрсеткішін тағы да ұлғайтуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта газды кері айдау арқылы мұнайды көптеп өндіру технологиясы қарастырылуда және осы жобаның оңтайлы тұжырымдамасын таңдау бойынша жұмыстар жүруде. Алайда, әзірге нақты шешім қабылданбады. Консорциум құзіретті органға тиісті ұсыныстарын әзірлеп жатыр. Жоба іске асқан жағдайда, инфрақұрылым желілері арқылы мұнайды өткізу қарқынын тәулігіне 450 мың баррельге жеткізуге болады. Ал Қашағанның қазіргі мұнай өндірудің ең жоғары көлемі тәулігіне 370 мың баррельді құрап отыр», - деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, 2016 жылғы 1 қарашада Қашағанда коммерциялық өндірудің басталғаны жайында хабарланған еді. Өндіруді қайта бастағаннан бері 2 млн. тоннадан астам мұнай және 1 млрд. астам м3 газ өндірілді.