27 мам, 2020 сағат 10:01

Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыты салынады

Қашаған кен орнының екінші кезеңі бойынша жол картасы пысықталып, талқылануда. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылы мұнай және конденсат экспортының көлемі 72,2 млн тонна болса, биыл 67,5 млн тоннаны құрайды. Атырау облысында теңіз кен орнында құны 45,2 млрд доллар және соның ініше қазақстандық үлесі 36%, яғни 16 млрд доллар құрайтын теңізде келешекте кеңейту жобасы жүзеге асуда. 230-ға жуық отандық сервистік компания құрылыс жұмыстарына, металл конструкциясын жасауға және басқа да жұмысқа тартылды. Жоба аяқталған соң қосымша 12 млн тонна мұнай өндіруге болады», - дейді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, Қашаған кен орнында 2022 жылға қарай тәулігіне 450 мың баррельге дейін мұнай өндіру деңгейіне қол жеткізу мақсатында жаңа газ өңдеу зауытын салу жобаларын іске асыру және компрессорларды жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру жүріп жатыр. 

«Мердігер компаниялармен бірге Қашаған кен орнының екінші кезеңі бойынша жол картасын пысықтап, қазіргі таңда талқылаудамыз. Қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу келісімшарттық кезеңде қосымша шамамен 8 млн тонна мұнай алуға мүмкіндік береді. «Қарашығанақ» жобасы белсенді фазада және іске асыру кестесімен қоса отырып газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау инвестициялық жобалары және газды кері айдаудың төртінші компрессор жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл мәселе акционерлер тарапынан талқылануда», - дейді ол.