Спортқа бөлінетін қаражаттың көп бөлігі спортшылардың жарыстар мен дайындықтарға жоғары тарифпен ұшуына жұмсалады. Аталған мәселені ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық олимпиада комитетінің күнтізбе жоспарына қайта-қайта өзгертулер мен толықтырулар енгізуді тоқтататын кез келді. Өткен жылы қысқы спорт түрлері бойынша 71 іс-шараға, жазғы спорт түрлері бойынша 200-ден астам іс-шараға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жоспарлаудың қисықтығынан қаржының дені спортшылардың жоғары тарифпен ұшуына жұмсалады», - деді Дәурен Абаев Щучинскіде өткен XXIV қысқы олимпиада ойындарының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыста.
Оның айтуынша, спорт дирекциясы шаралар күнтізбесі мен жарыстарға дайындық процесін қатаң бақылауға алуы керек.
«Біз спортшы даярлауды, дайындық жоспары мен жаттығу процесін бас жаттықтырушыға толықтай сеніп тапсырамыз. Ал құзырлы органдарға қаржыны уақытында бөлу және спортшыларды сапалы даярлау үшін қолайлы жағдай жасау міндеті жүктеледі», - дейді ол.