30 нау, 2020 сағат 19:50

Қаржы министрлігі елге азық-түлік кіргізу рәсімін барынша жеңілдетті

ҚР Қаржы министрлігі елге азық-түлік кіргізу шараларын барынша жеңілдетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елімізге импортталатын азық-түліктерді жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмыс істеуде. Кедендік кедергілер жойылып, тексерістер мен тауарлардың құнын бақылау рәсімдері алынып тасталды. 

Сондай-ақ, 2020 жылдың 22 наурызынан бастап ҚР Үкіметімен жекелеген тауарларды (қарақұмық, ұн, қант, картоп, сәбіз, шомыр, қызылша, пияз, орамжапырақ, күнбағыс дәні, күнбағыс майы) Қазақстаннан шығаруға тыйым салынды. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тауарларға экспорттық кедендік бақылауды күшейтіп, «АСТАНА-1» электронды декларациялаудың ақпараттық жүйесінде оларды экспорттауға тыйым салды (Бұл тыйым ЕАЭО елдеріне таратылмайды)», делінген хабарламада.

ҚР Қаржы министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен шешімі бойынша әдеттегі жүйе бойынша жұмыс істейтін жүк өткізу бекеттері белгіленді (қалған бекеттердің жұмысы төтенше жағдайға байланысты 2020 жылдың 16 наурызынан бастап уақытша тоқтатылды).

Осылайша, Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасында «Нұрлы жол» және «Достық» өткізу бекеттері (автокөліктер үшін) жұмыс істеуде.

Өзбекстан мен Қазақстан арасында: «Қазығұрт», «Қапланбек», №Б.Қонысбаев», «Атамекен», «Тәжен» бекеттері. 

Түркіменстан мен Қазақстан арасында: «Темір баба» бекеті. 

Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасында «Қайрақ», «Жаңа жол», «Қарақоға», «Шарбақты», «Үрлітөбе», «Қосақ», «Ауыл», «Үбі», «Жайсаң», «Әлімбет», «Сырым», «Құрманғазы», «Тасқала», «Жәнібек» бекеттері жұмыс істеуде.

Барлық халықаралық шекара бекеттеріндегі өткізу пункттерінде санитарлы-карантиндік бақылау күшейтілген. Атап айтқанда: санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары жұмылдырылған, өткізу бекеттері жылу сезгіш құралдар және пирометрлермен жарақтандырылған, науқас адамдар анықталған жағдайда, оларды уақытша оқшаулауға арналған ем-шаралық бөлмелер қарастырылған.