ҚР Парламенті Мәжілісінде Үкіметтің 2016 жылға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстыру барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов зейнетақыны арттыруға қанша қаржы бөлінгендігін мәлімдеді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бекітілген бюджеттің шығыстары екі рет нақтыланудың нәтижесінде 980 млрд теңгеге көбейген болатын. Бюджеттің осындай ұлғаюы, біріншіден, әлеуметтік салаға қаржыны көбейтуге мүмкіндік берді. Шығыстардың жартысы, яғни 4 трлн теңгесі әлеуметтік болып табылады», - деді министр.
Атап айтқанда, 1 қаңтардан бастап зейнетақы мөлшері 9 пайызға көбейді.
«Зейнетақыны төлеуге бюджеттен 1 353 млрд теңге қаржы бөлінді.
Азаматтық қызметкерлердің жаңа еңбекақы жүйесі моделін енгізуге 290 млрд теңге бөлінді. Бала тууға жәрдемақы 438 мың алушыға төленіп, оған 33 млрд теңге жұмсалды», - деді Сұлтанов.