Ұлттық қордың жинақтау функциясы күшейтіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қарау кезінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр Ұлттық қорға 4,5 трлн теңге түсті. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 1,6 трлн теңге болды. 2019 жылдың соңында қор активтері 27,5 трлн теңгені құрады. Есеп аясында бюджеттің басты басымдықтарын негізінен Ұлттық қордан алынатын трансферттер арқылы қаржыландыру дағдыға айналғаны айтылды. Бюджет кодексінің жобасы Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге бағытталғанын атап өткім келеді», - деді министр.
Сонымен қатар ол квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы игерілмеген қалдықтарды тиісті бюджетке қайтару мәселесіне тоқталды.
«Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің дивидендтік саясатының кемшіліктері туралы да айтылды. Ағымдағы саясатты өзгерту үшін Үкімет тиісті қаулы қабылдады. Оған сәйкес квазимемлекеттік субъектілер 2019 жылдың қорытындысы бойынша өздерінің таза табысының 100 пайызына дейінгі мөлшерде республикалық бюджетке дивиденд ретінде төлеуді қамтамасыз етеді. Жыл сайын талқыланатын мәселелердің бірі – бұл квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы қалдықтарға қатысты. Квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы игерілмеген қалдықтарды бюджетке қайтару туралы Парламент ұсыныс берген болатын. Қазір бұл жұмыс басталды. Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша республикалық бюджетке 8,6 млрд. теңге қаражат қайтарылды», - деді Е. Жамаубаев.