12 мау, 2020 сағат 15:35

Қаржы министрі: Коронавирустың екінші толқынын еңсеруге де қаражат жеткілікті

Коронавирустың екінші толқыны болса, оны еңсеруге Қазақстанның қаржысы жете ме? Бұл сұрақ ОКҚ-да ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Коронавирустың бірінші толқынын еңсеру үшін бюджеттен 153,4 млрд теңге бөлінген болатын. Оның 26,6 млрд теңгесі – Үкіметтің резерві болса, 125,3 млрд теңгесі нақтыланған республикалық бюджет кезінде бөлінген. Сонымен бірге, 1,5 млрд теңге Білім және ғылым министрлігінің бюджетінен аударылды. Жалпы жағдай қалай қалыптасады, коронавирусқа қатысты ахуал не болады – оған қарай экономикалық жағдай қалай өзгеретінін көре жатармыз. Жалпы Үкіметтің резерві мен нақтыланған бюджетте тиісті қаражат бар», - деді Ерұлан Жамаубаев. 

Еске сала кетсек бұған дейін Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның ұлттық қорына былтыр 4,5 трлн теңге қосылғанын мәлім еткен болатын. Оның айтуынша 2019 жылдың қорытындысы бойынша, Ұлттық қор қаражаты шамамен 27,5 трлн теңгені немесе 65,5 млрд долларды құрады. Өткен жылы Ұлттық қорға шамамен 4,5 трлн теңге, оның ішінде мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар түсімдері есебінен 2,8 трлн теңге түскен.