14 қаз, 2020 сағат 17:35

"Қарттарымыз бен болашақ ұрпағымызды қорғайық!.." - дәрігерлер жанайқайы

COVID-19 қайта қаһарына мінді. Әлем бойынша вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны күрт көбейіп отыр. Халықаралық қауымдастықтар мен мемлекет басшылары, сондай-ақ қоғам белсінділері пандемияның жақын уақытта аяқталмайтынын ескертіп, дабыл қағуда.

Осы орайда, ел дәрігерлері қазақстандықтарды "екінші толқын" басталмас бұрын сақтық шараларын қолға алуға шақырып, жағдайдың қаншалықты қиын болуы мүмкін екенін ескертті.

"Құрметті отандастар, әлем болып пандемияның бірінші кезеңін бастан өткердік. Бұл өте ауыр кезең болды. Көптеген әріптесіміз үй көрмей, күні-түні ауруханаларда өз қызметтерін мүлтіксіз атқарды. Көптеген дәрігерлер, орта және кіші буын медицина персоналдары жетіспеді. Осы індеттің кесірінен қаншама отандасымыз, қаншама әріптесіміз көз жұмды. Ардақты халайық, өздеріңіз куә болғандай, індеттің бірінші кезеңі оңай болмады. Біз осы болған жағдайдан сабақ алу керекпіз. Басымыздан өткен қайғыны, қорқынышты тез ұмытпайық, ағайын! Қазір маусымдық тұмау кезең басталды. Ал, әлем елдерінде, Европада, Ресей және басқа да мемлекеттерде індеттің екінші кезеңі де басталып кетті. Сондықтан ағайын, сақтық шараларын ұмытпайық! Өзімізді-өзіміз қолға алайық! Шыдамдылық танытайық! Вирус ешқайда кеткен жоқ! Вирус біздің ортамызда! Қарапайым санитарлық нормаларды сақтайық, яғни ол: қолды жиі жуу, қоғамдық орындарда санитайзерлерді қолдану, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау, маска тағу, ол масканы жиі ауыстыру және аса қажет болмаса, адам көп шоғырланған жерге жиналмау. Қарттарымыз бен болашақ ұрпағымызды қорғайық, ағайын! Ал, өзімізді және жақындарымызды осы қарапайым санитарлық нормаларды сақтай отырып қана қорғай аламыз!", дейді дәрігерлеріміз.

Сондай-ақ, олар індеттің жас талғамайтынын да баса айтты.

"Құрметті отандастар, мен - пандемияның бірінші толқынында қызмет еткен дәрігермін. Бұл өте ауыр уақыт болды. Үйдің бетін, бала-шағаның жүзін көрмедік. Күн түні емханада кезекшілікте болдық. Дәрігерлер жетіспеді. Осы ауруды өзім де, басқа да әріптестерім де жұқтырып алдық. Аурудың кезеңі өте ауыр өтті. Қаншамасы қаза тапты. Осы уақытқа дейін осыншама жұртты қырып салған індетті көруім бірінші рет. Ардақты достар, өздеріңіз көрдіңіздер аурудың бірінші толқыны қалай ауыр өткенін. Қазір маусымдық тұмау кезеңі. Болжанып отырған коронавирустың екінші толқынының бір уақыты келіп отыр. Аурудың бірінші уақытында қарияларға алаңдасақ, енді оларға балалар да қосылды. Сондықтан ағайын, сақтаныңыздар, сақ болайық! Ақылға келіңіздер! Шыдайық! Вирус кеткен жоқ! Вирус арамызда!", - дейді індетпен алдыңғы шепте күресіп жүрген учаскелік педиатр Бейсебаева Жәмила.