17 жел, 2025 сағат 11:41

Қарлы боранға қарамай мектепке барған оқушы президенттік шыршаға шақырылды

Фото: видеодан кадр

Қырғызстанда қарлы боранда белуардан асатын қарды кешіп, мектепке бара жатқан баланың видеосы әлеуметтік желіде кең тарады. Осы бейнежазбадан кейін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров оқушыны президенттік жаңа жылдық шыршаға шақырды, деп хабарлайды Ult.kz АКИpress-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде танымал болған оқушы — Ош облысы Қара-Көлжа ауданына қарасты Коо-Чаты ауылындағы «Айдың-Көл» бастауыш мектебінің 4-сынып оқушысы Нұрзаман Алмазбеков. Видео кадрларында ол қар қалыңдығы бір метрге жуықтаған жолмен мектепке бет алып бара жатқаны көрінеді.

Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбековтің айтуынша, Мемлекет басшысы бұл видеоны өзі көріп, баланың білім алуға деген ынтасына ерекше риза болған.

«Садыр Нұрғожоевич бұл бейнежазбаны өзі көрді. Қиын жағдайға қарамастан, білімге ұмтылған баланың табандылығы Президенттің көңілінен шықты. Мұндай жігерлі әрі талапты балалар ерекше қолдауға лайық. Сондықтан оны президенттік жаңа жылдық шыршаға шақыруды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының атынан оқушыға арнайы сыйлық әзірленіп жатыр», — деді ол.


Басылым мәліметінше, Нұрзаман — алты балалы отбасындағы төртінші бала. Ол мектептегі үздік оқушылардың бірі, әсіресе математика мен қырғыз әдебиетіне қызығушылық танытады. Сонымен қатар сурет салуды жақсы көреді және футболмен айналысады.