Алматы облысындағы тарихи Қарқара жайлауында ұлттың рухын көтеретін үлкен той — «Қымызмұрындық» фестивалі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 5 мыңға жуық адам жиналды. Кең дала төсіне 100-ге жуық киіз үй тігіліп, жайлаудың жасыл кілемін жамылған көрінісі мен әуезді әні жұртшылықты ерекше әсерге бөледі.
Фестиваль аясында 1 тонна қымыз тегін таратылып, ауылдың қыз-келіншектері күбіде пісіп, бал қымыз дайындады. Қонақтар дәмін алғаш рет татып, Алатаудың қымызына ерекше баға берді.
Дала думаны ұлттық спорт түрлерімен жалғасып, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, арнайы көрмеден тарихи жәдігерлер мен ұлттық құндылықтар таныстырылды.