Карантинге қатысты жеңілдіктер енгізілуіне байланысты 1 сәуір мен 1 қазан аралығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне түсетін қаржы көлемі 85,6 млрд теңгеге азаймақ. Оның 29,4 млрд теңгесі төлемнен босатылған шағын, орта және ірі бизнес нысандарына тиесілі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ Алматы қалалық филиалынан мәлім етті.
Хабарламаға сүйенсек, биыл екінші тоқсанда сақтандырылмағандар үлесі 15 процентке жуықтайды. Аталған санатқа міндетті медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде шамамен 13,4 млрд теңгенің қызметі көрсетілмек. Тағы 8 млрд теңге шығын шағын, орта және ірі бизнестің 925 мың қызметкерінің жарна төлеу мерзімінің кейінге шегерілуіне қатысты түспейді. Осындай факторлардың бәрін есепке алсақ, медициналық сақтандыру жүйесіне түсетін қосымша жүктеме 134 млрд теңгеден асып жығылмақ», - деді қордың баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетсек, сәуір айында сақтандыру жүйесіндегі жеңілдік мерзімі 1 шілдеге дейін ұзартылған болатын. Жаңа тәртіп бойынша, сақтандырылмаған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді тағы үш ай пайдалануға мүмкіндік алды.
«Халықтың бірқатар санаттары мен бизнес нысандары үшін сақтандыру төлемдерін төлеу мерзімінің ұзартылуы, валюта бағамының өзгеруі, карантин кезінде бірқатар медициналық қщызмет түрлерінің қысқаруы емханалар мен ауруханалардың қаржылық жағдайына кері әсер етті. Сондықтан МСҚ емдеу ұйымдарының қаржылық тұрақтылығы мен азаматтарға медициналық көмектің толыққанды көрсетілуін қамтамасыз ету шараларын қолға алды», - делінген хабарламада.
Осы мақсатта медицина ұйымдарының қаржылық тұрақтылығына анализ жасалды. Сараптама нәтижесі бойынша медициналық қызметтерді көрсетушілер шартты түрде төрт топқа бөлінді. Олар:
Iтоп. Көрсетілетін қызмет көлемін төмендетпеген бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары (емханалар), жедел жәрдем қызметі, онкологиялық, психиатриялық және туберкулез диспансерлері т.б.
IIтоп. COVID-19 инфекциясына қарсы іс-шараларға жұмылдырылған, соның салдарынан кішігірім болса да қаржы тапшылығына ұрынған, жоспарланған медициналық көмек көлемін толық көрсету мүмкіндігі аз медицина ұйымдары.
III топқа қаржы тапшылығы қаупі төніп тұрған, карантин салдарынан көрсетілетін қызмет көлемі (соның ішінде, ауруханаға жоспарлы түрде жатқызып емдлеу) күрт қысқарған емдеу мекемелері жатады.
IV топқа консультативтік-диагностикалық қызметтерді қосымша атқарушылар жатады.
Қаржылық тұрақсыздықтың алдын алу мақсатында Қор емдеу мекемелеріне қосымша аванс төледі, жыл басында берілген алдын ала төлемді ұстап қалу графигіне өзгерістер енгізді. Сонымен қатар, екінші тоқсанда игеру мүмкін болмайтын қаржы қайта бөліске салынып, 2020 жылдың екінші жартысында жұмсалатын болды. Бұл медицина ұйымдарының жылдық жоспарды орындауына мүмкіндік береді.