24 мау, 2019 сағат 13:51

Қарағандылық тұрғын Сапарбаевқа Қытайдың сапасыз арбаларына шағымданды

Қазақстан мүгедектер арбасын өзі жасап шығаруы мүмкін. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Халыққа есеп беру кездесуінде қарағандылық тұрғын министрге Қытайдан сапасыз арбалар жеткізілетінін айтып шағымданды.

"Арбалар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік сатып алу тәсілімен алынып беріліп келеді. Бірақ, олардың сапасы өте нашар, Қытайдың сапасыз, жүріп-тұруға ыңғайсыз арбалары алынады. Осы орайда менің сұрағым: жақын арада қол арбалардың сапасын жақсарту бойынша жағдайжасала ма? Сапалы арбаларды өз елімізде жасау мүмкіндігі қарастырылған ба?", - деп сұрады ол.

Сапарбаев министрліктің арманы да, мақсаты да – отандық мүгедектер арбасын шығару екенін атап өтті. Бұл үшін тиісті жұмыстар қолға алынған көрінеді.

"Елімізде "Тыныс" деген фирма бар, қазір олар министрліктің тапсырмасына сәйкес жасап жатыр. Сапасы қалай болатынын көреміз, егер жақсы болса, мемлекеттік тапсырыс беріп, солармен жұмыс істейміз", - деді министр халыққа есеп беру кездесуінде.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік қызмет көрсету порталын енгізу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бұл портал мүгедектігі бар азаматтарға өз бетінше, мемлекеттік сатып алусыз, өзінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, керекті техникалық оңалту құралдарын және қызметтерді таңдауға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, Қазақстанда шамамен 680 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 418 мыңы (61,5%) – еңбекке жарамды жаста, 87 мыңы –  18 жасқа дейінгі балалар (12,8%).

2018 жылы мүгедектерді әлеуметтік қорғауға республикалық бюджеттен 294,2 миллиард теңге бөлінген.