17 ақп, 2020 сағат 17:18

Қарағандылық әскерилер #Аbai175 челленджін қолдады

Қарағанды қаласының 50185 әскери бөлімінің қызметшілері селленджі қолдап бейнеролик түсірді. Онда олар Абайдың «Өлең - сөздің патшасы» атты шығармасын оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бастама жасаушы 50185 әскери бөлім командирінің орынбасары, полковник Арман Құдайбергенов. Әскер қызметі жөніндегі штаб бастығының орынбасары С. Мақсұтов сценарий жазушы, режиссер, оператор және монтаждаушы ретінде өз үлесін қосты. Өлеңді бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник С. Рамазанов, жедел қызмет қатардағы жауынгері Н. Бүркітбаев, келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері А. Маматилова, аға лейтенант Ж. Оңлас, майор Ж. Смағұл және аға лейтенант Ш. Зұлқарнаев оқыды.

Бұл - Абайдың 175 жылдығына орай ақынның шығармаларын оқитын поэтикалық эстафета.

Эстафетаны тоғыз жасар оқушы Ләйлім Шырақ бастаған. Ләйлім Абайдың өлеңін оқып, ел Президентіне үндеу тастады. Мемлекет басшысы мұны қабыл алды. Сонан соң ол эстафетаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және әнші Димаш Құдайбергенге тапсырды.

Челленджге Қазақстан Президентінен басқа, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағаметов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раймқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетов, әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген, композитор Игорь Крутой, ресейлік әнші Валерия, Ресей Муз-ТВ телеарнасының бас директоры Арман Давлетьяров, танымал қазақстандық режиссер Ақан Сатаев, Ресей президентінің арнайы өкілі Михаил Швыдкой және басқалары қатысты.