04 ақп, 2026 сағат 16:27

Қарағандыда құтқарушылар бесінші қабаттың терезесінде отырған 8 жастағы қызды аман алып қалды

Фото: ашық дереккөз

Қарағанды қаласында құтқарушылар бесінші қабаттағы пәтердің терезесінде аяғын салбыратып отырған 8 жастағы қызды түсіріп алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға туралы көршілердің бірі дер кезінде хабар берген.

Төтенше жағдай Мұқанов көшесі, 32-үйде болған. Куәгердің айтуынша, ол көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы терезеде отырған баланы байқап, бірден құтқару қызметіне қоңырау шалған. Шақырту төтенше жағдайлар қызметіне сағат 20:10-да түскен.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар екі топқа бөлінген. Бірі үйдің сыртында қалып, автосатыны әзірлесе, екінші топ подъезд арқылы пәтерге кірмек болған.

Алайда пәтердің есігі іштен құлыптаулы болып шыққан. Құтқарушылар есікті бұзуға дайындалып жатқан сәтте баланың анасы үйге оралып, есікті өзі ашқан.

Қыз бала терезе жақтауынан қауіпсіз түрде түсірілді. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, бала анасының жұмыстан келуін күтіп, терезе алдына шыққан.