Қарағандыда ДАИШ лаңкестік ұйымымен байланыста болған 30 жастағы келіншекке қатысты сот үкімі шықты. Кәмелетке толмаған қайын інісін алып Сирияға аттанбақ болған Жансая Таңатарова 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сотталушы мен оның туыстары үкіммен келіспей отыр. Тіпті, Жансаяның ақыл-есінде кемістік барын алған тартқан олар апелляциялық сотқа арыз береміз деп отыр.
Тергеу мәліметтері бойынша Жансая Таңатарова 2016 жылдан бері ДАИШ ұйымының өкілдерімен байланысқа түсе бастаған екен. Содан бері хат жазысып, лаңкестік ұйым өкілдеріне жанашырлығын білдіріп тұрған. Тіпті Сирияға жетіп, сарбаздарға медициналық көмек көрсетпекке бел буыпты. 1 жыл бойы хат-хабар алмасып, былтыр шетел аспақ болған. Дегенмен ол, көлік жалдап, Қарағандыдан шыға берісте ұсталды.
Қайрат Қасымов судья:
- Таңатарова Жансая Төлендіқызы 9 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейді. Жүргізілген сараптамаларға кеткен 68 мың теңге мемлекет есебіне Таңатаровадан өндіріледі.
Тергеу мәліметінше ол бір жыл бұрын «лаңкестік» бабы бойынша сотталған күйеуінің інісін де өзімен бірге шетел асуға үгіттеген екен. Дегенмен Жансая Таңатарова және оның туыстары сол бойы тағылған айыптармен келіскен жоқ.
Төленді Таңатаров Ж. Таңатарованың әкесі:
- Адам өлтіргенге 5 жыл береді, түк қылмысы жоқ адамға 9 жыл береді. Осындай шындық бола ма? Ең құрыса шартты жаза беруге болады ғой. Қандай әділдік бар? Шетелде ұстап алса мақұл ғой. Қарағандының шекарасынан шыққан жоқ. Оның үстіне 100 мың теңгемен Сирияға қалай барады? Оның өзін банктен несиеге алып отыр.
Жақындары Жансаяның ақыл есінің кемістігі бар дейді. Сондықтан олар әйелдің денсаулығын толық тексеріп шығуға талап еткендерімен, сот рұқсат бермеді деп отыр. Ал Жамбыл облысына танысына ақша беруге жолға шыққан беті екен. Кәмелетке толмаған қайын інісіне Сирия туралы қалжыңдап айтыпты-мыс.
Дегенмен тергеушілер Таңатарованың қайын інісіне жасын өзгертіп, жалған жеке бас құжат жасайтын маманды іздегенін дәлелдеген. Ал Сирияға алдымен Қырғызстанға өтіп, кейін Түркия арқылы аттанбақ болыпты. Лаңкестік топтың өкілдері оны Стамбулдың әуежайында күтетін боп уағдаласқан көрінеді. Бірақ Қарағандыдан аттап шықпай-ақ ұсталған оның жоспары іске аспаған.
КТК