29 қар, 2023 сағат 12:38

Қарағанды тұрғыны криптовалютаны заңсыз сату арқылы 95 млн теңге тапқан

Фото: iStockphoto

Қарағанды тұрғыны криптовалютаны заңсыз сату арқылы 100 млн теңгеге жуық ақша тапқан, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

ҚМА Қарағанды облысы бойынша Департаменті аса ірі мөлшерде кіріс алумен ұштасқан криптобиржа арқылы электрондық цифрлық активтер айналымымен заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеген.

"Алдын ала қорытынды бойынша 2020 жылдың басынан 2023 жылдың ақпанына дейін әмиянға жиналған криптовалюта түсімдерінің сомасы 205 мың АҚШ доллары немесе 95 млн теңгеден асты.

Күдікті тұлға «BINANCE» биржасында сатып алушылардың крипто-әмияндарына оның ұлының крипто-әмияндарынан аударымдар жасау арқылы криптовалютаны сатуды жүзеге асыратыны анықталды" - делінген хабарламада.

АХҚО ақпаратына сәйкес, аталған тұлғалардың ешқайсысында заңды тұлға ретінде айырбастау операцияларын жүзеге асыруға лицензиялар болмаған.

"Сотқа дейінгі тергеу тіркелді.               

ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі" - делінген ҚМА хабарламасында.