© Photo: Pixabay / Madeleine Lewander
Қарқаралыда ауыл ішіне кірген қасқыр үш адамға шапты. Зардап шеккендер ауруханаға жүгінген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Қарқаралыда медициналық мекемеге жыртқыш тістеп, әртүрлі дәрежеде жарақат алған үш адам келгенін растады.
"Бір әйелді бірнеше жерінен тістеп алған, екіншісінің жарақаты терең. Үшіншісінде сызаттар бар. Жағдайлары бірқалыпты, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Жаралары емделді, құтыруға қарсы екпе алды және амбулаторлық емделуге шығарылды", - делінген басқарманың баспасөз қызметі хабарламасында.
Ал Қарқаралы ауданының әкімдігі жағдай әкімнің жеке бақылауында екенін хабарлады. Ауданда адамдарға шабуыл жасаудың жаңа жағдайларын болдырмау үшін полиция қызметкерлері, ветеринарлар және төтенше жағдайлар мамандары арасынан ведомствоаралық топ құрылған.
"Ведомствоаралық топ қасқырды іздестіріп жатыр. Мектептер мен басқа да оқу орындарының жанынан күзет бекеттері қойылды", - деді аудан әкімдігі баспасөз қызметінің өкілдері.
Сондай-ақ Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі полиция ветеринария органдарымен бірлесіп жыртқыш жануарды жою шараларын жүргізіп жатқанын атап өтті.