Фото ашық дереккөзден алынды
Қарағанды облысында өгей әкесі зорлаған 15 жастағы қыз жүкті болып қалды. Ер адам сот алдына келді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған қызды зорлау бойынша атышулы іс қаралды. Сот мәліметінше, жәбірленуші қыз сотталушымен туғанынан бастап тұрған. Ол ер адамды туған әкесі деп есептеген.
"Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған баланы оның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, ата-анасының қайталап зорлау дерегі бойынша қылмыстық істі қарады. Қылмыстық істі қарау қорытындысы бойынша сот аталған тұлғаға қатысты үкім шығарды. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-2-бөлігі 3-тармағымен ол кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды", - деді Қарағанды облысы мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бекзат Шалғымбаев.
Сотталған адам жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сот мәліметінше, сотталушы жақында сот үкіміне шағым түсірген. Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Құжат заңды күшіне енді.