23 қаң, 2025 сағат 17:18

Қарағанды облысында 19 көлік соқтығысты. 6 адам ауруханаға түсті

Фото: Типичный Павлодар

Қарағанды облысында 19 көлік соқтығысып қалды. Ірі жол-көлік оқиғасы Екатерибург-Алматы автожолының қайта жаңарту учаскесінде болған, деп хабарлайды Ult.kz.

2025 жылғы 23 қаңтар сағат 10:30-да Екатерибург-Алматы автожолының қайта жаңарту учаскесінде (Қарағанды-Балқаш, 1492-1855 шақырым) Балқаштан Қарағанды қаласына көлік қозғалысы ашылды.

Ауа райының жақсаруына және көліктердің жиналып қалуына байланысты осындай шешім қабылданып, Қарағанды облыстық Полиция департаментінің және ҚазАвтоЖол қызметкерлерінің сүйемелдеуімен қозғалыс ұйымдастырылды.

"Осы учаскенің 1630 шақырымында сағат 12:30-да 19 жеңіл көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға орнында ТЖМ қызметкерлері және жедел жәрдем қызметі жұмыс істеп жатыр. Атап өту керек, бұл жол-көлік оқиғасына қатысушылар колонналық қозғалысқа қатыспаған", - делінген хабарламада.

Оқиғаның алдын ала себептерінің бірі - жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықты сақтамау екені айтылуда.

Зардап шеккендерге ТЖМ өкілдері мен қызметкерлері көмек көрсетуде. Жарақат алғандар ауруханаға жеткізілген. Алдын ала мәліметтерге қарағанда 6 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жіберілген.

«Жедел жәрдем қызметі 6 адамды Ақсу-Аюлы ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізді. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары, психологтары және дәрігерлер дереу жетті. Қазіргі уақытта жолда кептеліс жоқ, қозғалыс арнайы қарсы жолақ арқылы ұйымдастырылған», – деп хабарлады ТЖМ.