05 там, 2025 сағат 17:35

Қант диабетін емдеу Қазақстанда шектеусіз және толық қолжетімді болып қала береді

Фото: ашық дереккөз

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде қант диабетімен ауыратын науқастар медициналық көмек пен дәрі-дәрмекке қол жеткізуде қиындықтарға тап болуда деген ақпарат таралуда. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бүгінде Қазақстанда қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте 535 мыңнан астам адам, оның ішінде 5 625 бала тіркелген. Мемлекет бұл азаматтардың барлығын қажетті дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіп отыр.

Әр пациентке жұмсалатын шығын оның жағдайына қарай жылына 618 теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін өзгереді. Жалпы алғанда, ел бойынша жыл сайын 46 миллиард теңге осы мақсатқа бөлінеді.

Осы саладағы қажеттіліктердің артуына байланысты 2025 жылдың қаңтар айынан бастап қант диабеті кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл қадам қаржыландырудың тұрақтылығын және уақтылығын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда қант диабетімен тіркелген пациенттердің 96%-ы МӘМС жүйесіне қатысушы болып табылады. Ал балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар азаматтар және басқа да әлеуметтік осал топтар үшін сақтандыру жарнасын мемлекет өзі төлейді.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін емдеуге арналған дәрілік заттар тізбесін жаңартты. Енді тізімде тек тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген препараттар ғана болады. Сондай-ақ, жаңа буын инсулині – деглудекке қолжетімділік кеңейіп отыр. Енді бұл препарат барлық санаттағы пациенттерге, соның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға да қолжетімді болады.

Қант диабеті – мыңдаған қазақстандықтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды аурулардың бірі ретінде мемлекеттің ерекше бақылауында қала береді. Мемлекет тарапынан бұл бағыттағы қолдау шаралары тоқтамайды.