Осыдан он жыл бұрын Желтоқсан көтерілісінің жиырма жылдығына орай арнайы жазған «Қанды қырғыннан аман қалған қыздар» атты мақалам «Жас алаш», «Азаттық» газеттерінде жарияланған еді.
Онда мен Абай атындағы педагогика институтында оқып жүріп, 1986 жылы 16-17-желтоқсан күндері сол кездегі Үкімет үйі алдындағы алаңдағы көтеріліске қатысқан қыздардың төртеуін Арқалықтан, екеуін Жангелді ауданынан іздеп тауып алып, жоғарыда аталған мақалада суреттерімен жариялаған едім. Желтоқсан көтерілісіне екі күн бойы қатысқан Жұмагүл Бекентаева (Жангелдин ауданы), Бақтыгүл Мырзағазина (Жангелдин ауданы), Айгүл Сүлекеева (Арқалық), Гүлжахан Ордаева (Шымкент), Бақытгүл Әлішева (Алматы облысынан), Зәуре Момынқұлова (Шымкент) сол кезде ҚазПиде оқып жүрген. Есімдері аталған студенттердің бәрі желтоқсан күні ұсталып, (кейбірі жатақханада, кейбірі алаңға бара жатқан жерінде ұсталған) түрмеге уақытша қамалған. Кейін, институтта деканат бойынша комсомол жиналыстары өтіп, сонда бұлардың бәрі айыпталып, институттан шығарылған. Көтеріліс кезінде басына таяқ тиген студент Бақыткүл Мырзағазина институттан шығарылып, туған ауылына қайтқаннан кейін, жарақат зардабынан қайтыс болған. Ап, Жұмагүл Бекентаеваны еш жұмысқа қабылдамау туралы мелекеттік ішкі істер органы арнайы нұсқауда берген екен.
Суретте Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қыздардың бір тобы. (оң жақтан) Жұмагүл Бекентаева, Зәуре Момынқұлова, Гүлжахан Ордаева, Бақытгүл Әлішева, Бақытгүл Мырзағазина, Айгүл Сүлекеева.
Қазір Жұмагүл Бекентаева Жангелді ауданының, Шеген ауылының мектебінде ардагер ұстаз. Гүлжахан ОрдаевА Алматыда тұрады, ғалым.
«Қанды қырғыннан аман қалған қыздар» атты мақалам газеттерде шыққаннан кейін Арқалықта 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Мейрамгүл Ысқақова, Айгүл Ақшалова атты қыздарды кездестірдім. Мейрамгүл желтоқсан оқиғасына қатысқан кезде Алматыдағы Эстрада студиясында оқып жүр екен. Мейрамгүлдің суреті атақты «Желтоқсан» документальді фильмінде бар.
Ал, Айгүл Ақшалова ЖенПиде оқып жүрген. Желтоқсан көтерісіне қатысып, машинаға тиеліп, қала сыртына апарып тасталған бір топ жастардың бірі.
Міне, осыдан отыз жыл бұрын Алматыда 16-17-желтоқсан көтерілісіне қатысқан, еліміздің келешегі үшін ерлік көрсеткн қыздар республикамыздың түкпір түкпірінде әлі де еліне адал қызмет етіп жүр.
Бірақ, осы күнге дейін Желтоқсан көтерілісіне қатысып, таяқ жеп, түрмеге отырып, тұрмыстың күйкі азабын көріп жүрген қайраткер ер азаматтарымыз бен азаматшаларымыздың ерліктерін бағалайтын үкімет бар ма?.
Алда Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы келе жатыр, бірақ, ұртымызға су толтырып алғандай үніміз шықпай жатыр.
Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, журналист, жазушы
Ұлт порталы