Ақын Қанат Омар жақында Бельгия мен Францияда өткен «Эмигранттық лира» атты халықаралық поэтикалық фестивальде күміс жүлде еншіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook-тегі парақшасында жазды.
Ол Австралия, Австрия, Венгрия, Германия, Израиль, Қазақстан, Қытай, Латвия, Молдова, Польша, Ресей, АҚШ, Украина, Финляндия жəне Чехия сияқты 15 елден авторлар қатысқан конкурстың қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді.
«Бұл бəріміз үшін зор қуаныш! Мен Қанатты мақтан тұтамын жəне оған табыс, ең бастысы, өз жүрегінің қалауымен жүре беру үшін күш-қуат пен шығармашылық шабыт тілеймін! Ұлы далада ақындар əрқашан ұлықталған. Халық оларды құрметтеген. Билеушілер олардың сөзіне құлақ асқан, тағдырдың жазуымен ұлттық құндылықтарды сақтауға қабілетті жандарды қастерлей білген. Бұл өмірде лайықты тұлғалардың бəрі бірдей бағалана бермейді. Бір ғана зор жетістікпен тіпті де өлшенбейді…
Бұл - біз сақтауға тырысатын ұлы дәстүр. Біз - Президенттің Баспасөз қызметі, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жəне «Қазақ әуендері» АҚ Қазақстанның дарынды авторының шетелдік фестивальға барып, Брюссель, Льеж, Париж сияқты əлемнің мəртебелі сахналарынан өз өнерін көрсетуіне мүмкіндік туғыза алғанымызға қуаныштымыз. Қазақтың ұлы даласының дарынды перзенттері - Əміре Қашаубаевты, Алмас Алматовты, Димаш Құдайбергенді тыңдағандай, бағалағандай, оның да өнерін тыңдады, бағалады. Қанат халқының сенімін ақтады. Оның алдағы уақытта зор жетістіктерге жететініне сенемін және үлкен үміт артамын. Отанымыздың атын асқақтататын басқа да барша ақындарымыз бен жазушыларымыз, суретшілеріміз бен кинорежиссерлеріміз, əртістеріміз бен орындаушыларымыз осындай биіктерден көріне берсін!», - деп жазды Берік Уәли.