Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ еліміздегі Канаданың төтенше және өкілетті елшісі Шон Стайлды қабылдап, тау-кен өндірісі секторындағы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, туризм және спорт салаларындағы әріптестік мәселелерін талқылады.
Кездесуде аймақ басшысы атап өткендей, бүгінде еліміз, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы уран өндіру жағынан әлемде көш бастап тұр. Бұған қоса, өңіріміз сирек кездесетін қазба байлықтарын экспорттау жағынан да алдыңғы қатарда келеді.
– Қазір Аягөз ауданында катодты мыс өндіретін тау-кен байыту кешенінің құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ, облысымызда аграрлық сектордың жетістіктері де аз емес. Осы орайда, климаты жағынан біздің өңір Канаданың бірнеше провинциясымен өте ұқсас екенін де атап өткен жөн. Сол себепті, әріптестігіміз баянды болатынына сенім мол, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысы сонымен қатар, 21-қазанда Өскеменде «Алтай Invest-2016» форумы өтетінін айтып, шетелдік дипломатты айтулы іс-шараға қонақ болуға шақырды.
– Экономика мәселелеріне келсек, қазір бұл тұрғыдағы біздің басты әріптесіміз деп Қытай Халық Республикасын айтуға болады. Алдағы инвестициялық форумға осы елдің өзінен ғана жүздеген инвестор қатысады деп жоспарлануда. Дегенмен, біз канадалық әріптестерімізді де қуана қарсы аламыз. Сіздердің инвесторларыңызбен де жан-жақты байланыс орнатуға әзірміз, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Шон Стайл мырза облыс әкімінің шақыртуын зор ризашылықпен қабыл алатынын айтып, канадалық инвесторларды бірінші кезекте Шығыс Қазақстанның тау-кен металлургиясындағы әлеуеті қызықтыратынын жеткізді.
– Біздің елде геологиялық барлаумен және тау-кен өндірісімен айналысатын ұсақ компаниялар өте көп. Сіздерде болса, керісінше, «KAZ Minerals», «Қазцинк» сияқты алпауыт компанияларға басымдық берілген. Бүгінгідей кездесулер осы саладағы әріптестігімізді нығайтып, екі жаққа да тиімді болатын бірлескен жұмыс жүргізуге өз септігін тигізеді деп үміттенеміз. Дегенмен, біздің бизнесмендерді тек қана металлургия саласы қызықтырады деу дұрыс емес. Канадалық инвесторлар Шығыс Қазақстандағы өзге ірі корпорацияларға да қаржы құюға дайын, – деген елші облыс әкімін келер жылы Канаданың Торонто қаласында өтетін геологиялық барлау және тау-кен өндірісін дамыту мәселелеріне арналған дәстүрлі конференцияға қатысуға шақырды.
Тағы бір айта кетер жайт, облыс әкімімен өткен кездесуден кейін Шон Стайл мырза бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат беріп, онда канадалық тарап екі ел арасындағы шайбалы хоккейге қатысты әріптестікті де нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Өз сөзінде шетелдік дипломат Канада елшілігі Өскеменге білікті хоккей бапкерлерін жұмысқа тартуға, сондай-ақ, түрлі деңгейдегі жолдастық кездесулер өткізуге көмектесуге әзір екенін жеткізді.
Айт кетейік, былтыр Шығыс Қазақстан мен Канада арасындағы тауар айналымының көлемі 9,7 миллион АҚШ долларын құраған.
Нұржан Кенжеұлы, "Дидар" газеті