30 шіл, 2021 сағат 15:55

Қамшыбек Қоңқабаев: Жарыс кезінде бәрі басқаша болады



Токио Олимпидасында бокстан аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша алаңға шыққан қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев алғашқы қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Содан кейін боксшы сұхбат беріп, жекпе-жек кезінде ойындағы әдістің барлығын толық орындай алмағанын жеткізді, деп жазды Olympic.kz.


"Жекпе-жекте ойымдағы әдістерді жүз пайыз орындай алмадым. Бірінші кездесу болғандықтан, қобалжу да болды. Жеңіс үшін бар күш-жігерімді салдым. Қарсыласым да осал емес, мықты әрі бойшаң. Кейбір әдісім жақсы шықса, енді бірі өтпей қалды. Сол үшін әр кездесуге дайын болу керек", - деді Қоңқабаев.


Айтуынша, келесі қарсыласы да осал емес. 


"Ресейлік боксшымен спаррингтік кездесулер өткіздім. Жарыс кезінде бәрі де басқаша болатыны анық. Көпшілігі мені Өзбекстан намысын қорғайтын Бахадор Жалоловпен кездестіруге асық. Бірақ мен үшін әрбір қарсылас мықты. Себебі бұл – Олимпиада. Кеше біраз жігіттің жарысты аяқтағаны да жанымызға батып, көңіл күйімді түсірді. Десе де, елімізді қуантуға дайынбыз, бар күшімізді саламыз", - деді Қамшыбек. 


Айта кетері, Қоңқабаев алғашқы жекпе-жекте мысырлық Есри Мостафа Резкпен қолғап түйістірді. Бірінші раундта екеуі өте сақ қимылдады. Қамшыбектің қарсыласы бойшаң, қолы да ұзын. Дегенмен қазақстандық боксшы бірнеше соққысын дәл тигізді. Соның арқасында бірінші раундта бес төрешінің бәрі оған жоғары ұпай берді. Екінші раунд та Қоңқабаевтың пайдасына шешілді. Соңғы раундта мысырлық боксшы ештеңе істей алмады. Қорытынды есеп – 5:0.


Қазір Қазақстан қоржынында дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлетші Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло жеңіп алған үш қола медаль бар.