Токио Олимпидасында бокстан аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша жекпе-жектер басталды. Бүгін рингке қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қоңқабаев алғашқы жекпе-жекте мысырлық Есри Мостафа Резкпен қолғап түйістірді. Бірінші раундта екеуі өте сақ қимылдады. Қамшыбектің қарсыласы - бойшаң, қолы да ұзын. Дегенмен қазақстандық боксшы бірнеше соққысын дәл тигізді. Соның арқасында бірінші раунда бес төрешінің бәрі оған жоғары ұпай берді. Екінші раунд та Қоңқабаевтың пайдасына шешілді. Соңғы раунда мысырлық боксшы ештеңе істей алмады. Қорытынды есеп – 5:0.
Айта кетейік, Олимпиадада төрт боксшымыз қалды. Закир Сафиуллин (63 келі) мен Сәкен Бибосынов (52 келі) алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізген. Бүгін Әбілхан Аманқұл (75 келі) өзбек боксшысы Фанат Қахрамоновты айқын басымдықпен жеңді.
Ал Қазақстанның әйелдер командасы атынан Токио Олимпиадасына барған жалғыз боксшы Надежда Рябец (75 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылса, Серік Теміржанов (57 келі) екінші айналымнан аса алмады. Бұдан бөлек, 69 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов америкалық боксшыға жол берді. Ал Василий Левит (91 келі) нокаутпен ұтылды. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов те бірінші жекпе-жекте ресейлік боксшыдан жеңіліп қалды.