09 қаз, 2018 сағат 21:04

Қали Сәрсенбай. Шындық шертпелері

Таяуда Қасым Аманжолов жүргізіп, елге кең танылған «Шынның жүзі» хабарынан Ақселеу Сейдімбектің сұхбатын тыңдадым. Ақаң осы хабарда өзіміз талайдан ден қойып жүретін көзқарастарын тұжырымдап, жүйе­леп айтты. Бұл кісінің «жалпы менен мықты музыкант шығатын еді. Бірақ ұлт үшін, ел үшін ғылымға, сан-салалы тірліктерге ара­ласуға тура келді. Біздің басшылардың көбісі өзін шаруашылық басшысы сезінеді. Жоспар орындауды біледі. Басым көпшілігінің бойында рухани қасиет жоқ, ұлттық құнды­лықтардың қадір-қасиетін бағалаудан, білуден, сезінуден мақұрым. Министрлердің 99 пайызы «Елім-айды» білмейді» деп келетін мазмұндағы ой-пікірлерінің әлі күнге сол күшінде екеніне таңырқау күйін кештім. Әрине, Әбіштерді, Дулаттарды, Ақселеу­лердің қай-қайсысын (бұл тізімді ұзартуға болады) оқу, тыңдау қандай ғанибет болса, Шерхан Мұртазаның бір өзі бір мектеп, тіпті, университет екенін біз секілді бала кезден бауырында өскен көгенкөздер жақсы білсе керек. Университет бітірген жалғыз сен емес, жоғары білім кім-кімде бар. Ал сол білімнің сыналар тұсы – екінші университет, яғни Шер­хандардың университеті. Біз сол университетті де бітірдік. Біздің бақытымыз да, баянымыз да сол. Бұл тек Шерханмен шектелу, соған ұқсап қалу емес, соның шек­пенінен, шеңгелінен шыққаннан кейінгі сенің сол ұядан ілген біліміңнің кәдеге жарауы туралы өмір. Демек, сенің мойныңа екі жауапкершілік жүктеледі, оның бірі – саған жоғары білім берген университеттен алған дәріс пен Шерхандардың өмір мектебінен алған дәрісті әрі қарай алып жүру, яғни мақсат-мұратыңды, өз дара жолыңды анықтау.

Біздің де ендігі айтпағымыз осы әңгі­мемізге үлкен арна салып берген Ақаңның алаңдауының жалғасы. Ақаңдардың өзі ұстаз санайтын Шерағаңа шәкірт болу жолындағы көңілде қалған ой-толғамдар жөнінде болмақшы.

Жұрт ертеде пайғамбарларға, әулиелерге сенген, табынған. Қазір пайғамбар да, әулие де жоқ. Бірақ тұлға бар. Әрине, тұлғаның да тұлғасы бар. Халық оған пайғамбардай, әулиедей табынбайды, бірақ құрметтейді. Сондай құрметке ие тұлғаның бірі — Шерхан Мұртаза. Неге?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Парламент депутаттарының сапалық та, сан­дық та құрамы қандай болғанын көзі ашық жұрт ұмыта қойған жоқ. Бірін-бірі биіктетіп тұрған кіл бекзаттар еді ғой. Кейде ойлаймыз: солар болмағанда осы Тәуелсіздіктің тағды­ры қалай шешілген болар еді? Осы тұста ғой «қазақтың таңдайы мен маңдайындай» Әбіштің әр қияны бір шолып, Шерағаң тура­лы көсіліп бір сөйлейтіні. Былай демеп пе еді.

«Неге екенін қайдам, оның даусын естісем болды, есіме Махамбет түседі: «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге бір иір бұтақ бітсей­ші, қыранға тұғыр қыларға?! Ханнан қырық туғанша, қарадан біреу тусайшы, халықтың кегін қусайшы, артымыздан біздердің ақырып теңдік сұрарға!».

Ақырып теңдік сұрайтын сол «біреу» – осы біздің Шерхан Мұртаза бауырымыз ғой.

Бар бол, батыр-екесі!

Шал бол, Шер-ағасы!».

Таяуда «Егемен Қазақстанның» кітапха­насы» сериясымен шыққан «Намыс найза­ғайында» бүгінде «шал болған» Шерағаң сол күркіреген күндердің картинасын бүкпесіз береді. Ол тұста депутаттар қызметті де қоса атқаратын. Сол Парламенттегі «ел боламыз ба, болмаймыз ба?» деген тартыстардан соң Бас редактор бурадайын буырқанып, арыс­тан­дай ақырып келіп, тапсырма беретін. Оның орындалуын қатаң қадағалайтын. Өзі де соншалықты қыруар шаруа, қызметтік жауапкершілік бола тұра қаламын да қоса тербейтін. Арасында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен көбірек сұхбаттасып жүрді. Бұл сұхбаттар басылымға бір жағынан бедел болғанымен, мақтан-мадаққа құрылмайтын. Белгілі бір мәселелер төңірегінде ғана сөйлесіп, оған берген жауабын тәптіштеп жазумен шектелмейтін. Қай сұхбатта болсын ел, ұлт мүддесіне, қазақтың көкейіндегі сауал­­дарға дөп жауап беріп жатты. Бас ре­дак­тордың беделді болғаны сонша, Елба­сымен иықтасып, еркін сөйлесетін. Сонан соң Елбасының да құрметі ерекше болатын. Себебі, сол әңгімелердің халыққа жетуін өзі де іштей қалап отыратын. «Шын журналист жазбай тұра алмайды, шын шахтер қазбай тұра алмайды» дегендей, Шерағаңның өзі басшымын деп, тек тапсырма берумен шек­телмей, өзі үлгі көрсетіп, қаламымызды қай­рап беретін Қайрақ еді. Жас неме, өзімізше бір идея туып, оған тісіміз батпай, сол ойы­мызды бүгежектеп алдына бөлісуге барғанда әлгі піспеген идеямыздың иін одан сайын қандырып, арқаландырып жіберетін.

Жалпы, сол жылдары шыбыны бар жігіт­тердің кейбірінің шығармашылығын ширатып жіберген де Шерағаң еді. «Арлан біреу, қас­қыр көп» демекші, Шерағаң шынында дара, ақпараттың арланы болды. Өзгелердің еңбегін жоққа шығарғандық емес, бұл кісіде шын мәнінде өзгешелік көп еді. Ол ешқашан жасан­ды сөйлеп, жасанды жазып, жасанды тірлікпен айналысып көрген емес. Бір жол жазса да шырайын келтіріп, шаңын шығарып шындықты жазды. Бізді де соған үйретті. «Ұлтқа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деп Бөкейханов айтқандай, онда көп әріп­тесінде жоқ, ешқашан құбылмайтын мінез бар еді. Буырқанған бураның көз жасын көрген баяғының батырларындай еді.

Бір мысал айтайын.

1995 жылы Қазақстанның сол кездегі байшыкештері Президентке Ашық хат жолдады. Ол хатты бір іргелі басылым қуана-қуана басты-ау деймін. Біздің бағымызға орай Бас редактор Шерхан Мұртаза болды да, әлгі хат «Егеменде» басылмады. Мазмұны былай: «Мемлекеттік тіл қос тіл болсын, қос азамат­тық болсын, паспорттағы «ұлт» деген сөз алынып тасталсын, жер сатылсын, т.б.». Міне, солардың кейбірі күні кешеге дейін жұртқа ақыл айтып, саясатпен айналысып келді. Сол тұста бұл хатты Шерағаң газетке баспақ түгілі, мүйізі қарағайдай авторларды тартып қарсы мақала дайындатып, дабыл қақтырды. «Намыс найзағайындағы» «Қорқыттың қобы­зы қалғып кеткенде» (188-бет) атты эсседегі мына жолдар соған айқын көз жеткізеді. Оқиық:

«Ұлттық руханияттан ұрық алмаған ұрпақ 2020 жылы қандай болмақ? Оларда Отан деген, ұлт деген ұғым бола ма? Бұрын советтік патриотизм деген идеология бар еді. Енді отансүйер деген идеология жоқ. Қазіргі біздің идеологиямыздың арқасүйері – орта тап (класс). Яғни саудагерлер, бизнесмендер, коммерсанттар.

Ал оларда Отан деген, Ұлт деген ұғым, сезім тапшы. Оны осы жылдың жүзінде бір топ бизнесмендердің «Ашық хаты» айтып берді. Бұл тап үшін мемлекеттік қос тіл керек, қос азаматтық керек. Жаңа паспортқа «ұлты» деген сөз жазылмасын. Жер сатылуы керек, т.т.

Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл тап­тың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммер­санттар үшін өз туған елі болмайды» деп Аме­рика демократиясының атасы Томас Джеф­ферсон айтқан.

Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руха­ният талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдызсымақ­тарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады». 

Сол алағай да бұлағай уақыттағы Шер­ағаң­ның арыстандай айбаты әлі күнге көз алдымызда. «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу» дейтіні де осы кез. Осы күнде баспа­сөзде тұлға бар ма, жоқ па деген сауал жүріп жата­ды. Біз айтамыз, тұлға, ең алдымен, халық мойындаған адам. Ол екі сөйлемейтін, ел көкейіндегі сөзді айтатын, парасат-пайымы, білім-білігі асып-тасқан, жұртты адастырмайтын, алға бастайтын адам. Әрине, бүгінде жұртқа танылып, биікке шығып алып, түске дейін басқа, түстен кейін басқаша сайрайтын «тұлғалар» да бар. Бұлар керек болса, шындықтың өзінің басын шыр айналдырып жібереді. Жиі аунап кетеді. Кейде тарихтың, шындықтың өзі басқаларға және халыққа керек болып екіге бөлініп жатады. Міне, сол халыққа керек шындықты жазуда алдына жан салмаған адам – Шерхан Мұртаза.

Бұл кісінің редакторлығы кезінде «Егемен Қазақстанда» «Бір ауыз сөз» деген рубрика ашылды. Осы рубриканың тұсаукесерінен бастап, өзі бас болып жазды. Журналистер­мен қатар, авторлар да қатыса бастады. Әдетте көсіліп жазып үйреніп қалғандардың мақаласының ішіндегі дәнегін алып, «Бір ауыз сөзге» айналдырып жіберген кездер де болды. Сөйтіп, бізге етек-жеңімізді жиып, шағын жазудың да үздік үлгісін көрсетті. Соның әсері болуы керек, кейде көлемді деген дүниенің өзі тез оқылатын. Бұл кісі қанша қатал болса да, жақсы мақала жазған адамға жылы сөзін аямай, әсіресе, қатардағы тілші­лерді өзімен тең ұстауға тырысатын. Қысқа­сы, Шерағаңдай адамдардың сол тұлғалық биікке көтерілгеніне осы бір қарапайым мы­салдардың өзі жеткілікті дәлел.  Сондықтан тұлғаларға қайта оралып, оның беймәлім қыр-сырын ашып отыру — біздің міндетіміз. Егер шындықты жазуда, ақиқатты айтуда қызармайтын бірлі-жарым адам болса, соның бірі — осы кісі.

Тұлға — бұл өзі әр айтулы істің, жаңалық­тың бастауында тұрған адам. Бір күні сықиған, советтік «Социалистік Қазақстан­ның» атауы «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілді (1991 жыл, 18 маусым). Ол жөнінде Шерағаңның оқырманға арнап жазған сөзі «Намыс найзағайында» да жарияланыпты.

Кейіннен газеттің атынан «ді» жалғауы­ның қалай алынып тасталғанын да Шерағаң былай жазды:

«Кейінірек әрбір сөздің түп-төркінін жете танитын, шебер лирик, азамат ақын Қуандық Шаңғытбаев «Егеменді» сөзінің «ді» жалғауын алдырып тастады. Сөз жұмыр­ланып, әдемілене түсті.

Бұл да бір еңсеру еді.

Сөйтіп, қазақ халқы көп заманнан кейін, «Қазақстанның егесі, яғни иесі мен!», – деп әлемге жар салды.

Айтайын дегеніміз, осы тұста өзі бастап аты-жөнінен «овті» алып тастап, газеттің соңына «Шерхан Мұртаза» деп қол қойды. Бұл жөнінде танымал журналист Талғат Сүйін­бай таяуда «Егемен Қазақстанда» жақсы жазды. Дегенмен де тұздық үшін айта кетейік. Сол күндердің бір қызық дерегі есте қалып қойыпты.

«Егеменнің» секретариатында істеймін. Баспаханадан келесі күнгі нөмірдің беттерін алып келіп, Бас редактордың алдына жайып тастап, батасын алатын дағдымыз бар. «Мұз­ды мұхит жатыр ма сіресіп» деп сығылысқан ресми материалдарға көз салып тұрған Шерағаң бір кезде «Аян» деген жазуға көзі түсіп, мұрты жыбыр ете қалды. «Әй, мына­ның әкесінің, бабасының аты-жөні жоқ па?» деді. Жарықтық, Совет Шиманбай ағамыз (рухы шат болсын) «қайдам, өзі солай жазады ғой» деді. Сәл ойланып тұрды да, Шерағаң: «өз әкесі өзіне керек болмаса біз неге оған бас қатырып тұрмыз», – деді. Қазақтың көрнекті ақыны бұдан соң фамилиясын қоса жазатын болды.

Ертеректе Шерағаң Жамбыл облысынан депутаттыққа түскенде «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды» деп жазыппыз. «Шер кісіні шайыр етеді» деген сөз бар. Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстан­ның» кітап­ханасы» сериясымен жарық көрген «Намыс найзағайы» атты кітабын қайта оқыған адам осы бір тылсым сырдың тереңіне одан сайын бойлай түсері сөзсіз.

Әркімнің үстелінде тұруға тиісті аталмыш кітапты шындық туралы шертпелер, шедевр­лер, шындықтың шерайнасы десе де болғандай. Шебердің аты шебер, қаламын ащы сияға малып алып жазатын оның уыты әлі де сол күйінде.

Шерағаң алпыс жасқа келгенде «Атамұра» баспасынан «Шераға» атты кітап жарық көрді. Осы кітаптағы кейбір авторлардың сөзін, пікірін дайындауға өзіміз де қатыстық. Онда жазушының әріптестері, тұлғалы азаматтар өзінің жүрекжарды пікірін білді­реді. Сол тұстағы Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтің мына бір пікіріне ден қояйықшы.

«Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газеті­нің редакторы болған тұста баспасөзде еркін ойдың тұмылдырығы шешілмеген-ді. Сонда да халықтың көкейінде жүрген талай-талай сырлы сөз, батыл ой бір айтылса сол басы­лымның бетінде айтылатын еді. Республи­калық газеттердің арасында ең көп тарай­тыны да сол «Лениншіл жас» болатын.

Шерхан Мұртаза «Жұлдызға» Бас редак­тор бол­ған тұста журналдың тиражы қазір адам айт­са нанғысыз биікке көтерілгенін жақсы білеміз.

Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетіне» Бас редактор болған тұста газет бетінде халқы­мыздың өмір салтына, тұрмысына, тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, тіліне, дініне қатыс­ты ең бір көкейкесті мәселелер қозға­латын, барынша батылдықпен, біліктілікпен айты­латын.

Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» басшылық жасай бастағалы бері бұрын аты ғана «бас газет» болып келген бұл газет республика­ның шын мәніндегі бас газетіне, қазақ баспасөзінің бүгінгі биігін танытатын ең беделді басылымға айналды.

Бір адамға аз ба осы. Аз емес».  

Мәселеге жүрек көзімен қарайтын Мырзе­кең шындықты тап басып танып, құдайшы­лығын айтқан. Әсілі аса зиялы адам көбіне сабырмен сөйлейді. Ал Шерағаң жөнінде айтатындар­дың әңгімесі көбіне шындық төңірегінде шиырланады. Мырзекең де сол бағытты ұстанған.

«Намыс найзағайына» жазған алғысөзінде «Егемен Қазақстан» PГ» АҚ басқарма төраға­сы, танымал түрколог ғалым Дархан Қыдыр­әлі бауырымыз: «Бүгінде Шерхан Мұртаза­ның редакторлардың редакторы деп аталуы өте әділ баға деп ойлаймын», — депті. Аса көрнек­ті жазушы Мархабат Байғұт көкеміз: «Ол – ұлт ұстазы. Ұлт ұстыны. Ондай жазу­шы сирек. Ондай журналист аз. Ондай газет редакторы, журнал басшысы жоқ. Ондай парламент депутаты болды ма? Әй, қайдам… Шерағаң өмір бойы өрге жүзіп, ұлт мүддесі үшін, қазақ қамы үшін, Алаш абыройы жолында жан күйдіре жұмыс істеді. Мұрта­заның ұл-қызын тәрбиелеуге титтей де уақыты болмады. Шерағаң – ұлт тәрбиешісі. Шығармалары да» («Қазақ әдебиеті, 15.09.2017.) деп жазды.

Айтылғанның бәрі айдай ақиқат. Ел аман болса талай тұлғалар өмірге келер. Бірақ олар Шерхан бола алмайды, Шерхан қайталан­байды. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен атамыз айтпақшы, екі Шерхан тумайды. Өмірдің заңы солай. Тұлғаны уақыт туғызады. Бірақ сол тұлғаның бәрі Шерағаң­дардай елге тұтқа бола бермейді. Егер Шерағаң­ның кітаптарын барлық универ­ситет, барша жұрт жабылып оқитын болса, біздің Парламент том-том заңдар қабылдамас еді, тіпті болмаған күнде оның көлемі азаяр еді. Әлемді руханият билегенде осылай болады. Егер Шерағаңның кітап­тарын, ой-толғаныс­тарын, көзқарастарын күй тілімен бедер­лейтін болсақ, алпыс екі тамырлы «Ақже­леңді» де, тоғыз, тоқсан тараулы «Қос­ба­сар­ларды» да содан табар едіңіз. Шындық туралы шертпелерді тыңдар едіңіз.

2002 жылы Таразда, Жуалыда Шерағаң­ның 80 жылдығы дүркіреп өтті. Сол тойдың алдында «Алматы ақшамына» мынадай бір түйір ой жазып едік.

Той дүркіреп өтетініне еш күмәнім жоқ. Алайда, сол тойдан түйер тағылымды айт­сайшы. Менің ойымша, бұдан былай Шерхан Мұртазаның туған күнінде Бас редактор­лардың республикалық кеңесі өтсе деймін. Кезінде «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды» деп жазып едік. Бұл Бас редак­торлардың бір шер тарқататын, ақылдасатын, кеңесетін жиыны болып, дәстүрге айналса, қанеки? Өтетін жері Тараз қаласы болса.

«Редакторлардың редакторы» туралы айтылған осы идеяны Тараздағы Баласағұн Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында «Шерағаңның шекпенінен шыққан» шәкіртінің бірі, көрнекті жазушы, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбайұлы өз сөзінде жұртшылық есіне салды. Құлақ салатын пенде болса, сол ойымыз әлі де күшінде деп ойлаймын.

Р.S.:

Таяуда Алматыдағы «Самал» ықшам­ауданындағы Шерағаңның шаңырағына танымал журналистер Т.Сүйінбай, Г.Сәдір­қызы, Т.Алдабергенқызымен көңіл сұрай бардық. Немерем Шерханға батасын беріп, маңдайынан иіскеді. Құлыным да атасын құшақтап сүйіп, арқасына шығып кетті. Балажан батырдың жүзінен мейірімге толы шуақ көрдік.

Мен өмірімде жан дүниемде айрықша толқу туғызған екі сәтті ұмыта алмаймын. Оның бірі — Қадыр Мырза-Әлидің Сырым­ның ескерткішінің іргетасын сүйіп еңіреп жылағаны, енді бірі — Әбіш Кекілбайдың ақбоз атты сүйіп тұрған суреті. Шерағаң болса, «Егемен Қазақстанның» кітапханасы» серия­сымен шыққан «Намыс найзағайы» атты кітабын маңдайына басып, мұқабасын құшыр­лана сүйді. Осы бір қас-қағым сәтке абыздың бар ғұмыры сыйып кеткендей еді.      

Дүние нұрланып бара жатты. Осы сәттің куәсі болған біз шексіз бақытты едік.

Қали Сәрсенбай,

"Алматы ақшамы" газеті, 2017 жыл