01 нау, 2017 сағат 16:44

Қаланың инфрақұрылымын дамыту – басты назарда

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовқа Талдықорған қаласының көліктік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, облыс орталығын газдандыру барысын, сол сияқты абаттандыру шаралары жайлы жоспарлары таныстырылды. Қала әкімі Бағдат Қарасаев жобаларға облыс әкімінің бұдан бұрын берген тапсырмаларына сәйкес өзгерістер енгізілгенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары А. Тұтыбаевтың айтуынша, биылғы жылы қаланың көліктік инфрақұрылымын дамытуға 2325,9 млн. теңге бөлінген. 13 көшеде 23,4 шақырым жол салу жоспарланған. Бұл орайда қосалқы көшелердің жөндеу жұмыстарына көп мән берілген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының жалпы көлемі пайызға шаққанда 22 %-ы орталық көшелерде, 78 % -ы қосалқы көшелерде жүргізіледі. Атап айтқанда, Өтенай, Еркін ауылдық округтерінің, Шығыс және Оңтүстік-Батыс шағын аудандардың көшелері жөнделеді. Сонымен қатар баяндамашы 9 шағын аудандағы тұрғын үй массивтеріне кіретін 44 подъездік жол жасалатынына тоқталды. Сондай-ақ қалада көлік қоятын 5 орнын белгіленеді.

 

Облыс әкімі Амандық Баталов баяндамашының сөзін мұқият тыңдаған соң қай көшелер күрделі жөндеуді, қай көшелер орташа жөндеуді қажет ететінін айта отырып, жобаға бірқатар түзетулер енгізді.

 

- Абай, Ақын Сара, Абылай хан, Алдабергенов, Сланов, Ескелді би, Қабанбай батыр көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу қажет. Барлық жұмыс сапалы жүргізілуі керек. Газ желісі тартылып жатқан және тарту жоспарланып отырған көшелердің әзірге тек шұңқырларын ғана бекітіп, жөндеңіздер. Күрделі жөндеуді тек газдандыру ісі аяқталған соң жасайсыздар. Күрделі жөндеу жасап ап, газ жүргізетін кезде қайта қазып жүрмеңіздер. Бұл бюджеттің ақшасы, сондықтан аса ыждаһаттықпен жұмыс істеңіздер, - деді А. Баталов.   

 

Газдандыру бойынша Амандық Баталов мамыр айында алғашқы бірнеше үй табиғи газға қосылу керектігін тағы да атап айтты.

 

- Сіздер қай үйлер бірінші болып қосылатынын қазірден білулеріңіз керек. Ол үшін жұртшылықпен кездесіп, жиын өткізіп, тариф туралы, қосылудың құны жайлы әңгімелесу қажет. Алдағы газдандыру ісі туралы тұрғындардың барлық сұрақтарына нақты әрі толық жауап беру үшін қолдарыңызда барлық есеп-қисап, нақты айқын цифрлар болуы тиіс, деді А. Баталов.

 

Кездесу барысында қаланы және басқа да маңызды нысандарды көркейту жобалары да таныстырылды. Кіреберістегі жаңа арка, Этноауыл, коттеджді қалашық, Қаратал жағалауындағы жазғы кафе жобалары көрсетілді.

 

Облыс әкімі кіреберіс арканың жобасын түгелдей қайта ауыстыру қажеттігін айтты. Этноауылға да креативті ойлар қосу керек. Ал коттеджді қалашықтың құрылысы үшін заманауи үлгідегі бір қабатты үйлердің бірнеше нұсқасы таңдалып алынды.

 

- Кез келген құрылысты жүргізгенде, кез келген жобаны дайындау барысында ең алдымен сәулет-құрылыс талаптарына сүйеніңіздер. Егжей-тегжейлі жоспарды ұмытуға болмайды. Құрылыс сызығы, қызыл сызық – мұның бәрі жай ғана терминдер емес, құрылыстың дұрыс, сапалы және үйлесімді салынуының негізі, - деп сөзін қорытындылады А. Баталов.