16 қар, 2017 сағат 17:22

Қала ажары айшықтала түспек

Жетісудың бас қаласы Талдықорған жыл өткен сайын құлпырып, келбеті айшықталып келеді. Жасыл желекке оранған шаһардың  көзтартарлықтай көріктене түсуіне әлі де болса күш жұмсалып жатыр. Бұған қазір облыс әкімі Амандық Баталов ерекше көңіл бөліп отыр. Сала мамандары да атсалысып, қолдан келген көмектерін көрсетуде.

Осы ретте Амандық Ғаббасұлы салаға жауапты қызметкерлермен тағы бір мәрте бас қосып, жиын өткізді. Оған Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы, еліміздің еңбек сіңірген сәулетшісі Ақмырза Рүстембеков бастаған сәулетшілер мен жобалаушылар қатысты. Жиында қаланың көркемдік деңгейін көтеріп, келбетін сұлуландыруға байланысты ұсынылған жоба-жоспарлар қаралып, жан-жақты таныстырылды. Онда белгілі болғандай, орталық алаңдағы субұрқақ саны көбейіп, қала ажары айшықтала түспек. Жобаға сәйкес, қазіргі тұрған субұрқақтар өз орнында қалып, тек оларға қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмек. 

Өйткені, тайқазан мен Жетісудың жеті өзені бейнеленген бұл орындар тұрғындар үшін өте ыстық әрі олар шаһардың символына айналған. Сол себепті бастапқы қалпы сақтала отырып, су атқылау мен безендіру шаруаларына жаңа технология қолданылмақ. Олар арнайы орнатылған қондырғының көмегімен компьютер арқылы басқарылатын болады. Барлық жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін аспанға атқылаған су түрлі түспен көмкеріліп, әуезді әуенмен әрленбек. Сөйтіп, алдағы уақытта жеті түрлі субұрқақ облыс орталығының ажарын ашып, бұрынғыдан да әсемдей түспек. 

Яғни, бұл жер қала қонақтары мен тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналады деп жоспарланып отыр. Талқылау барысында жобаның жай-жапсарына мән берген облыс әкімі құрылыс-жөндеу жұмыстары бойынша нақты міндеттемелер жүктей отырып, бұрынғы субұрқақтардың сәулеттік келбетін бұзбай, қайта оларға екінші тыныс беру керектігін айтты. Мұндай пікірге сәулетшілер де қосылып, осы тұрғыда ойларымен бөлісті. Жиын соңында орталық алаңның болашақтағы кескін-келбетін таныстырған бейнетүсірілім көрсетілді.

Бір сөзбен айтқанда, алдағы уақытта қала ортасы айтарлықтай өзгеріп, айшықталатын болады. Сонымен бірге облыс басшысы қаланың кіреберіс тұсын әспеттеп, әрлеуге, заманауи үлгіде бой көтеріп жатқан жаңа үйлердің ауласын көгалдандырып, абаттандыруға,  ғимараттардың ауласын көркейтіп, түрлі түсті гүлдермен көмкеруге де байланысты тапсырмалар берді.

Айгүл Байбосынова