Фото: thevoicemag.ru
Қыс мезгілінде сән мен жайлылықты қатар ұстау – нағыз өнер. Әсіресе соңғы жылдары сән әлемінде ерекше танымал болған қабаттап киіну стилі (многослойность) киім арқылы өзіңнің талғамыңды көрсету мен суықтан қорғанудың ең тиімді тәсіліне айналды.
Бұл стильдің басты ерекшелігі – әртүрлі фактурадағы, түстегі және ұзындықтағы киімдерді үйлестіре отырып, бірегей әрі үйлесімді образ жасау. Дегенмен қабат көп болған сайын, үйлестіру қиындай түсетіні рас. Сондықтан бұл бағытта киінгенде тек жылулық пен жайлылық емес, пішін, түс және пропорцияның тепе-теңдігін сақтау аса маңызды.
Қабаттап киінудің негізгі ережелері
Қабат көп болған сайын, силуэттің тепе-теңдігін сақтау қажет. Ішкі қабаттар денеге жақын, жұқа материалдан болса, сыртқы қабаттар кең әрі жеңіл пішінде болғаны дұрыс. Мысалы, жіңішке гольф үстіне жүнді свитер киіп, сыртынан ұзын пальто жамылу — әрі жылы, әрі стильді көрінеді.
Фото: beautyplan.ru
Қабаттап киінуде көп түс емес, түстердің үйлесімділігі қажет. Үш негізгі реңктен аспау — классикалық қағида. Бейтарап түстердің арасына бір акцентті түс (мысалы, шарап реңкі немесе зәйтүн жасылы) қоссаңыз, образ бірден жанданады.
Сонымен қатар трикотаж, жүн, замша, былғары сияқты материалдарды араластыру киімге тереңдік береді. Бірақ бәрін бір образға сыйдыру артық. Екі түрлі текстура жеткілікті: мысалы, жүн свитер мен былғары пальто — мінсіз жұп.
Фото: burdastyle.ru
Қабаттылық сән үшін ғана емес, жылулық үшін де қажет екенін ұмытпаған жөн. Киім қозғалысқа кедергі келтірмейтін, денеге ыңғайлы болуы тиіс. Әр қабаттың өз міндеті бар: бірі жылулық береді, бірі пішін түзеді, ал ең сыртқысы — жел мен суықтан қорғайды.
Қабаттылық стиліндегі жиі кездесетін қателіктер
Қабаттап киіну еркіндікті талап етеді. Бірақ дәл осы еркіндік кейде стильдік қателікке ұрындырады.
Артық көлем
Барлығын oversize үлгіде кию — сән емес. Үлкен пальто таңдасаңыз, астындағы киім ықшам болғаны дұрыс. Әйтпесе образ “ауыр” көрінеді.
Түстердің қақтығысы
Қызыл, көк, сары мен күлгінді қатар қолдану көзге ауыр әсер қалдырады. Батыл болу — жақсы, бірақ сән мен хаостың арасы — бір-ақ қадам.
Фото: yapokupayu.ru
Маталардың сәйкессіздігі
Спорттық күреше үстіне классикалық пальто кию — стиль емес, бейберекет қабаттау. Маталар мен бағыттар (casual, classic, street) бір-бірін толықтыруы керек.
Аксессуардың ұмыт қалуы
Қабаттылық тек киімде емес, бөлшекте де. Белбеу, шарф немесе бас киім образды жинақтап, пропорцияны айқындайды. Көп қабаттың арасында бел сызығын көрсету — тепе-теңдік сақтаудың таптырмас тәсілі.
Фото: star-tex.ru
Айта кететін маңызды жайыт, қабаттап киіну — жай ғана тренд емес, қазіргі сән мәдениетінің бір бөлігі. Ол адамның талғамын, стилін және өмірге деген көзқарасын айқын көрсетеді. Дұрыс үйлесімді тапқан адам үшін бұл стиль — әрі жылы, әрі заманауи, әрі өзіндік ерекшелігі бар образ жасаудың ең тиімді жолы.
